Алматыда базар саудагерлері наразылыққа шықты

0
795

базар қайтадан карантинге жабылған.


Алматыда базар саудагерлері наразылыққа шықты

ERNUR.KZ. Алматыдағы "Барыс-4" базарының жүзге жуық саудагері 28 сәуірде базардың карантинге қайта жабылуына байланысты наразылыққа шықты. Қала әкімдігі сауда орнын санитарлық талапқа сай емес деп шешкен. Саудагерлердің айтуынша, 26-27 сәуірде мұнда сауда орындары ашылып, басшылық жалдау ақысын төлеткен, деп жазады Азаттық.

«Барыс-4» базарының сатушылары 28 сәуірде жұмысқа келгенде базардың барлық қақпасы жабылған. Базар әкімшілігінің алдына жиналған жүз шақты адам сауда жасауға рұқсат беруді сұраған, «контейнерді жалдау ақысын төлеп қойғанын» айтқан.

- Сенбі-жексенбі күні ашылып, жұмыс істей бастады. Бәрінен жалдау ақысын жинады, бүгін қайта жауып тастады. Сәуірде үш аптадай жұмыс істемедік, - дейді базарда жұмыс істейтіндер.

Жиналғандармен сөйлесуге келген Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев базардың санитарлық талапқа сай емесін айтып, карантин аяқталғанша шыдай тұруға шақырған. Торғаев сатушыларға «жалдау ақысына байланысты мәселені базар басшылығы шешеді» деген.

Базар айналасына полиция көліктері келіп, қақпаларына әскери күзет қойылған, базар аумағына әскери техника кіргізілген.

Саудагерлер мәселесі қалай шешілетінін сұрау үшін келген Азаттық тілшілерін күзетшілер маңайлатпауға тырысты. Тілшімен дөрекі сөйлескен базар өкілі камераны жауып, микрофон мен телефонды тартып алмақ болды.

Телефон арқылы жауап берген «Барыс-4» базарының заңгері Самат Нұршабаев «саудагерлер төлеген жалдау ақысы ешқайда кетпейді» деді.

- Жалдау ақысы бойынша әркімнің өз бақылаушысы бар. Егер жалдау ақысы төленсе, келесі айға ауысады,-деді ол.

«Барыс-4» - Алматы қаласындағы Райымбек даңғылы мен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы азық-түлік сататын ірі базарлардың бірі.

Алматыда 19 наурызда карантин енгізілгеннен кейін базарлардың азық-түлік бөлімдері жұмыс істей беретіні хабарланған. Алайда сәуірдің басында қала билігі базардың көбі санитарлық талапқа сай келмейді деп жұмысын тоқтатқан.

27 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылатынын мәлімдеді. Бұл мәлімемеде карантин аяқталғанша сауда, ойын-сауық орталықтары мен халық көп жиналатын жерлер ашылмайтыны айтылған.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар үш мыңнан асты. 25 адам қайтыс болды.