Балалар 12-15 қазан аралығында Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен.
Фото: 2gis.kz
ERNUR.KZ. Алматыда жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) оқушыларының саны 55-ке жетті. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
Ведомство мәліметінше, балалар 12-15 қазан аралығында Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Мектеп оқушыларына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқастар мамандардың тұрақты бақылауында, оларды емдеу үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
"Қазір ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты, динамикада нашарлау байқалмайды. Реанимациялық шараларды қажет ететін жағдайлар жоқ", - деп толықтырды басқарма.
Еске сала кетейік, 14 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылды.
Оқиғадан кейін мектеп 14-16 қазан аралығында сабақты уақытша онлайн форматқа ауыстырды. Интернат пен асхана жұмысы тоқтатылды, ал санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғимараттарды тексеріп, зертханалық зерттеуге сынамалар алды.


