Бала үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
ERNUR.KZ. Алматыда жоғалып кеткен тоғыз жасар баланы 250 адам іздестіріп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының аралық нәтижелері бойынша Месуттың үйінен шығып, әжесі жұмыс істейтін №33 мектепке барғаны анықталды. Бейнебақылау камералары баланың Қалдаяков көшесімен оңтүстік бағытта келе жатқанын көрсетті. Оның үйі жеке секторда, тауға жақын, Кеңсай зиратының артында орналасқан. Біріншіден, осы бағытта іздестіру ұйымдастырылады. Оған кинолог, Ұлттық ұланның 100 жауынгері, жедел әрекет ету бөлімінің 20 қызметкері, ювеналды полицияның 50 инспекторы және аудандық деңгейдегі учаскелік полиция инспекторы, қалалық криминалдық полицияның 40 жедел уәкілі, Месут оқитын мектептен 20 ерікті және 5 мұғалім тартылды. Сонымен қатар, қараусыз қалған ғимараттарды мобильді топтар тексеріп жатыр. Азаматтардан қоңырау шалып жатыр, біз хабарламаның әрқайсысын тексереміз. Іздеу оң нәтиже береді деген үміттеміз. Біз баланы аман-сау тапқымыз келеді», - деді қалалық полиция департаментінің өкілі Еркін Іңкәров.
Еске салайық, Месут Мырзақұлов кеше түскі сағат 1-лер шамасында Медеу ауданында орналасқан үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.