Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның егжей-тегжейін мәлімдеді.
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
ERNUR.KZ. Алматы қаласында бір аптаға жуық уақыт бойы 14 жастағы Тигран Шибаев іздестірілген еді. 2026 жылғы 5 қаңтарда Қазнетте баланың тірі әрі аман-есен табылғаны туралы жағымды жаңалық тарады, деп жазады zakon.kz.
Бүгін, 6 қаңтарда, Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның егжей-тегжейін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, кәмелетке толмаған баланың жүрген жерін құқық қорғау органдары анықтаған.
"Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ", – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция өкілдері жасөспірімнің бұған дейін де бірнеше рет үйінен кетіп қалғанын атап өтті.
Табылған сәтте ол тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде болып, қаңғып жүрген.
Бала отбасына тапсырылғаннан кейін профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
"Материалдар ювеналды полицияның бақылауына алынды", – делінген ақпаратта.
Бұған дейін 2025 жылғы 30 желтоқсаннан бері 14 жастағы жасөспірім іздестірілуде екенін жазғанбыз.


