Партия басшысы аталған тұғырнаманы дайындауға партияның өңірлердегі мүшелері белсене қатысқанын баса айтты.
ERNUR.KZ. AMANAT партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы күшін жойды. Мұндай шешім бүгін партияның кезектен тыс XXIV съезінде қабылданды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Кеше партияның саяси кеңесі отырысында партияның жаңа саяси платформасын мақұлдау және оны партияның съезіне шығару туралы шешім қабылданған болатын. Бұған дейін құжат бастапқы партия ұйымдарында, партияның өңірлік және аумақтық филиалдарының конференцияларында қаралып, толықтай қолдау тапқан еді. Сондықтан бүгінгі сөз сөйлеулерді ескеріп, AMANAT партиясының жаңа саяси тұғырнамасын бекіту туралы қаулы қабылдау ұсынылады.
Сонымен қатар, партияның жаңа саяси платформасының қабылдануына орай, партияның 2030 жылға дейінгі саяси тұғырнамасы мен бағдарламасының күшін жою ұсынылып отыр», - деді партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов.
Осыдан кейін съезд делегаттары ұсыныстарды қолдап дауыс берді.
Партия басшысы – ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жаңа тұғырнаманың басты қағидасын айтты.
«Жалпы, бүгінгі съезді тарихи сеъзд деп айтуға толық қақымыз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Оның басты қағидасы – адам, қоғам және мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», - деді Ерлан Қошанов.
Партия басшысы аталған тұғырнаманы дайындауға партияның өңірлердегі мүшелері белсене қатысқанын баса айтты.
«Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Ендігі кезекте тұғырнама елдің мақсат-мүддесіне сай жұмыс жасауы керек. Оны толық жүзеге асыру үшін біз барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз қажет», - деді ол.