Олар ауруханаларға жеткізіліген.
Фото yandex.kz/maps
ERNUR.KZ. Қостанай облысы Арқалық қаласында тойға барған халық жаппай уланып қалды. Той үстінде 150 адам уланып, ауруханаларда орын тапшылығы туындаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұл жайлы threads әлеуметтік желісінде жергілікті тұрғын жазба жариялаған. Оның айтуынша, ата-анасы да сол мерекелік шараға қатысқан. Той «Жайна» мейрамханасында өткен.
«Кеше Арқалықта туысымыздың 60 жылдық тойы болды. 150-ден астам адам уланды, арасында менің ата-анам да бар. Мейрамхана қызметкерлерінің салғырттығынан адамдар зардап шегіп отыр», – деп жазды Мадина Шыңғысқызы.
Куәгердің айтуынша, тойға ауылдардан да қонақтар келген. Алайда олардың көбі үйлеріне қайта алмай, ауруханаға түскен.
«Қазір Торғай ауылындағы ауруханада орын жетпей жатыр. Науқастарды Арқалық пен Қостанай қалаларына жіберіп жатыр», – деп мәлімдеді тұрғын.
Редакция осы мәселеге қатысты Арқалық қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мен Санитарлық қызметіне сұрау салды.