Армениялық көліктерді тіркеудің аяқталуына аз күн қалды

0
726

Күздің алғашқы күні тіркеу тоқтайды.


Армениялық көліктерді тіркеудің аяқталуына аз күн қалды

ERNUR.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Армениядан әкелінген көліктерді уақытша тіркеуге рұқсат берілген мерзімнің аяқталуына санаулы күн ғана қалғанын атап өтті, деп жазады Polisia.kz.


– Қазіргі уақытта Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында Армениядан әкелінген көліктерді уақытша тіркеуге алу жүргізіліп жатыр. Елімізде тіркелмеген шетелдік көлікті мемлекеттік тіркеуге қою үшін бірегей мүмкіндіктің аяқталу мерзімі 1 қыркүйекке дейін ғана, яғни санаулы күндер ғана қалды. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, 301 автокөлік иесі темір тұлпарының құжаттарын рәсімдеді, – деді Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов.


Жол сақшыларының мәліметі бойынша осы сәтті пайдаланып, көлігін тіркемеген санаулы ғана шетелдік автокөлік иелері қалған. Қазіргі уақытта аталған шетелдік тіркеудегі автокөліктер мен олардың иелерінің мекенжайын анықтау шаралары қабылдануда.

Өз кезегінде, Алматы облысының полицейлері тұрғындарды қаулы талаптарына сәйкес келетін автокөліктерін уақытша тіркеуге қою мүмкіндігін пайдалануға шақырады. Өйткені, күздің алғашқы күні тіркеу тоқтайтынын ескерген абзал.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысының тапсырмасына орай қабылданған ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырындағы №306 қаулысына сәйкес Армения Республикасынан әкелінген көліктерді елімізде уақытша тіркеуге қою мәселесі біріздендірілген болатын. Аталған құжатта уақытша тіркеу мерзімі 2020 жылдың 1 маусымынан 1 қыркүйегіне дейін деп көрсетілген.