Арыс пен Байзақтағы жарылыстардың салдарын жою жұмыстары жалғасады

0
899

Арыс қаласында жару жолымен жойылатын оқ-дәрі қалдықтары қоймалардың техникалық аумағынан арнайы жабдықталған полигонға жеткізіледі.


Арыс пен Байзақтағы жарылыстардың салдарын жою жұмыстары жалғасады

Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бөлімшелері биылғы жылдың 28 наурызынан бастап Арыстағы және Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларында орын алған оқиғалардың салдарын жою жұмыстарына кіріседі, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған шаралар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізіледі.

Арыс қаласында жару жолымен жойылатын оқ-дәрі қалдықтары қоймалардың техникалық аумағынан арнайы жабдықталған полигонға жеткізіледі.

Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында оқ-дәрі қалдықтарын жоюға арналған орын жабдықталған. Ал қалған бөлігі арнайы полигондарға шығарылып, жойылады.

Жалпы осы жұмыстарға 650-ден астам әскери маман тартылады. Жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр.

Арыстағы және Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларында орын алған оқиғалардың салдарын жою жұмыстары биылғы қараша айының соңына дейін жалғасады.