Ашуға булыққан алматылықтар шенеунікті батпақтың үстімен жүргізді

0
2 381

Үсті-басы былғанған әкім орынбасары ақыры тұрғындардан қашып тынды.


Ашуға булыққан алматылықтар шенеунікті батпақтың үстімен жүргізді

иллюстрациялық фото

Алматы тұрғындары әкімнің отставкаға кетуін талап етті. Өйткені белуардан балшық кешіп жүрген жұрттың басқа амалы жоқ. Алғабас ауылы қала аумағына кірген кезде су құбырын жүргізу жұмысы басталған. Содан бері үш жыл өтсе де құрылысы аяқталмаған көшедегі батпақтан қазір аяқ алып жүру мүмкін емес, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Тұрғындар аудан әкімін лайдың ортасына шақырып еді, орынбасары ғана келді. Ашуға булыққан алғабастықтар сол шенеунікті мердігер компанияның басшысымен бірге батпақтың үстімен жүргізді.

Балтырына дейін батпақ жабысқан қалаға қарайтын ықшамаудан тұрғындары өздерін қала тұрғынымыз деп айтуға ұялады. Үш жыл қатарынан аяғынан резеңке етік шешпеген алғабастықтардың шыдамы шегіне жетті.

"Жүру мүмкін емес! Міне, аяғымыз, түріміз! Күнде жұмысқа барып қайтудың өзі қиын боп кетті! Не сұмдық! Шыдамның да шегі бар! Біз не істеуіміз керек", – дейді Серікқазы Рахматулла.

Тұрғындардың айтуынша, былық шенеуніктер құбыр салғаннан басталған. Қармен бірге қазылған жер де еріп, айнала адам жүргісіз ми батпаққа айналады. Халық талай мәрте әкімдікке шағымданып барған. Алайда уәде берген әкімді сол күйі таппай қалады.

"Құдай үшін, әкімді емес, жолды ауыстырсыншы! Әкімді ауыстырып жібереді, болды сонымен қалады. Жылда айтады, "ой, жасаймыз, нәтиже шығарамыз" деп. Бірақ жасалған жол жоқ", – дейді тұрғындардың бірі Бақытбек Әсемжанов.

Батпаққа батқан ауылдың жайын өз көзімен көрсін деп, алғабастықтар аудан басшылығын арнайы кездесуге шақырған. Алайда әкім өзі келмей, орнына орынбасарын жіберіпті. Ал ол өз кезегінде халықпен сөйлессін деп, орнына басқа адамды алып келген.

"Тапсырыс беруші осы энерготиімділік басқармасы. Қаражатты бөлетін Алатау ауданы әкімдігі емес, осы басқарма. Мен сондықтан осы құзырлы мекеме жауап берсін деп шақырдым", – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов.

Жауапкершілікті бір-біріне ысырған басшылық, ақыры батпаққа қатысты пікір білдірді. Айтуларынша, құбырды салған бойда жолды тегістетіпті. Бірақ солай деп айтуы мұң еді, жұрт шулап қоя берді.

Осылай деп жұртшылықты сендірмек болған әкім орынбасары бәр пәлені өз аузынан тапты. Шенеуніктердің жалған сөзіне шыдамаған халық туфли мен италиялық қымбат брендті күрте киіп келген шенеунікті батпақтың үстімен сүйрей жөнелді.

Үсті-басы былғанған әкім орынбасары ақыры тұрғындардан қашып тынды. Ал құбыр салуға тапсырыс берген басқарма өкілдері наурыз айының соңына дейін асфальт салуды бастауға уәде берді. Ал оған дейін Алғабас тұрғындарына батпақ кешіп жүре тұруына тура келеді.