Әскерге барудан жалтарған 200 бозбала Ресейге қашып кеткен

0
597

Өз кезегінде Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев осындай деректер бар екенін нақтылады.


Әскерге барудан жалтарған 200 бозбала Ресейге қашып кеткен

ERNUR.KZ. ҚР Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Қазиев әскерден жалтарып, Ресейге кетіп қалған жастарға қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін Сенатта әскери қызметшілердің денсаулығын талқылау кезінде депутат Сергей Ершов әскерден жалтарғандар туралы сұрады.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында әскерге бармау үшін Солтүстік Қазақстаннан Ресейге қашып барғандар туралы мәлімет тарады. Мәселен, қазіргі кезде көрші мемлекеттің аумағында көктемгі әскерге шақырылатын 250-ге жуық азамат бар. Шынымен де жағдай осылай ма? Бұл жігіттердің тағдыры не болады?» деп сұрады сенатор.

Өз кезегінде Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев осындай деректер бар екенін нақтылады.

«Расында да мұндай ақпарат БАҚ-та жарияланған. Прокуратура органдары Қорғаныс министрлігіне тиісті нұсқау берді. 200 адамның 120-сы Ресей Федерациясында білім алып жатыр, яғни студент санатына жатады», - деді С. Қазиев.

Осы орайда ол Қорғаныс министрлігі бұл бағытта тиісті іс-қимылды пысықтап жатқанын айтты.

«Егер олар шынымен көрші елде оқуда жүргені нақтыланса, онда бұл жағдай әскерге бару мерзімін кейінге шегеруге себеп болады. Сондай-ақ, бұл жігіттердің арасында оқуға түспегендері анықталса, Қазақстан аумағына келген кезде олар міндетінен жалтарғаны үшін айыпталады», - деді Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.