Атырау облысында магнит жұтып қойған сәбидің өліміне қатысты сот үкімі шықты

0
955

​Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылдың желтоқсанында 11 айлық бала қайтыс болды. Ол iPad қақпағындағы магнитті жұтып қойған.


Атырау облысында магнит жұтып қойған сәбидің өліміне қатысты сот үкімі шықты

ERNUR.KZ. Атырау қаласының № 2 соты iPad қақпағындағы магнитті жұтып қойған 11 айлық баланың өліміне қатысты іс бойынша облыстық балалар ауруханасы дәрігерлеріне үкім шығарды, деп жазады Tengrinews.kz.

Хирург Тілеуғалиев, Зұлқашев, педиатр Тәжғалиева ҚР ҚК-нің 317-бабы "Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы" бойынша айыпталған. Бірақ дәрігерлер рақымшылыққа іліккен.

Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылдың желтоқсанында 11 айлық бала қайтыс болды. Ол iPad қақпағындағы магнитті жұтып қойған. Бұл ретте, сәбидің ата-анасы көмек сұрап, дәрігерлерге жүгінген. Бірақ олар балаға ота жасамай, сәби жұтып қойған зат табиғи жолмен шығады деп сендірген.

Сот баспасөз қызметі мәліметінше, 2019 жылғы 22, 23, 26 желтоқсанда кезекшілік еткен Атырау облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігерлері Тілеуғалиев, Зұлқашев, Адрисов, педиатр-дәрігері Тәжғалиева 2018 жылы туған сәбиге тиісті медициналық көмек көрсетпеген.

"Дәрігерлердің кәсіби міндетіне немқұрайды қарауы және оларды тиісінше орындамауы салдарынан бала қайтыс болды. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші, куәгерлер және сараптама қорытындысы, мамандар айғағымен расталды", - деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Прокурор барлық сотталушыны дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды және рақымшылық жасау актісі негізінде онша ауыр емес қылмыс жасалғандықтан, оларды негізгі жазадан босатуды сұраған.
Жәбірленуші тарап дәрігерлерге қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушылар тағылған айыпқа келіспеді және ақтауды сұрады.

"Сот жаза тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін барлық мән-жайды, ауырлататын мән-жайдың болмауын, қылмысқа қатысушылардың әрқайсының әрекетін ескерді. Осыған байланысты барлық сотталушыға абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет жасағаны үшін 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза тағайындалды. Зұлқашевқа дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде 3 жылға, Тілеуғалиев, Адрисов, Тәжғалиеваға 2 жылға қосымша жаза тағайындалды. "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес олар бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылды, өйткені Қылмыстық кодекске сәйкес бұл әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады. Іс бойынша азаматтық талап қойылмаған", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалуы мүмкін.