Атырауда әкесінің ұрысқанын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің мән-жайы анықталды

0
737

Әкесі жасөспірімге жуылмаған ыдыс-аяқ үшін ұрысқан.


Атырауда әкесінің ұрысқанын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің мән-жайы анықталды

иллюстрациялық фото

«Атырауда ыдыс-аяқты жумағаны үшін әкесінің ұрысқанын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің мән-жайы анықталды»,- деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ыдыс-аяқты жумағаны үшін әкесінің дауыс көтерген видео жазбасын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының 11-сынып оқушысы екені мәлім болды.

«Шағымданған жасөспірім мектепте белсенді, сабағы жақсы, түрлі мектепішілік шараларға белсене қатысады. Көп балалы отбасынан шыққан, үйдің тұңғышы. Әкесі - арнайы техника жүргізушісі. Әлеуметтік желіге ақпарат шыққаннан кейін, 18 қазан күні кешкі сағат 22.00-ден бастап жасөспірімді психологиялық-педагогикалық қолдау және кеңес беру жұмыстары жасалды. Ата-анасымен де түсінік жұмыстары жүргізілді», дейді академия директоры Долорес Таскарина.

Айта кетелік, оқиға 18 қазан күні болған. Әкесімен арада болған түсініспеушілікті әлеуметтік желіге жасөспірімнің өзі салған. Бұған дейін ата-анасымен арада кикілжіңдер болмаған. Ұрып соғу фактісі анықталмаған.

Отбасында оқиғаны талқылау және түсініскеннен кейін жасөспірім сыныптастарының чатына өзінің әлеуметтік желіге салған бейнежазбасына өкінгенін және таратпауын өтініп, кешірім сұраған.

Бүгін полиция өкілі, психологтар, мектеп мұғалімдерінің қатысуымен ата-анасымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасөспірім қалыпты жағдайда.

Қазіргі уақытта Полиция органдары тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде.