Атырауда баласын 38 рет пышақтап өлтірген әйел қылмыстық жауаптан босатылды

0
660

Сәуір айында Көптоғай ауылының тұрғыны төрт айлық сәбиін үйінде пышақтап өлтірген.


Атырауда баласын 38 рет пышақтап өлтірген әйел қылмыстық жауаптан босатылды

иллюстрациялық фото

Атырауда төрт айлық баласын 38 рет пышақтап өлтірген қатыгез ана қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Тек тәртіп сақшыларының қатаң бақылауында болып, бірнеше ай психиатриялық диспансерде емделетін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Себебі сот төрағасы мұндай жантүршігерлік жағдайға тек есі дұрыс емес адам ғана барады деп шешім шығарды.

"Есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін ҚР ҚК 16-бабына сәйкес, қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Армангүл Юсупова Бахиеваға мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда емдеу тағайындалсын. Бахиева аталған емдеу мекемесіне жіберілсін. Оның денсаулығын қадағалау мекеменің бас дәрігеріне жүктелсін", - деді Атырау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Зарема Хамидулина.

Осыған дейін болған сот отырыстарында күдіктінің күйеуі әйелінен психикалық ауытқулар байқағанын жасырмаған. Тіпті сәбиі жылаған кезде көзіне елес көрінетінін жиі айтқан. Шешуші сот отырысына да баласын пышақтаған келіншек қатыса алмады. Өйткені 42 жастағы әйел қазір психиатриялық диспансерде жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, осы күнге дейін науқастың бауыр еті – баласын іздеп немесе өткен іске өкінген әрекеті мүлде байқалмаған.

Сәуір айында Көптоғай ауылының тұрғыны төрт айлық сәбиін үйінде пышақтап өлтірген. Ол жолдасы аудан орталығына кеткенде осындай қылмысқа барыпты. Шақалақтың шыңғырған дауысын көршісі естіп полиция шақырған.