Сондай-ақ Астанада, Алматы мен Шымкентте көрмелер өткізу жоспарлануда.
ERNUR.KZ. Биыл атыраулық екі ЖОО мен 15 колледж түлектері, сондай-ақ 5230 талапкердің шетелде тегін білім алу мүмкіндігі пайда болады. Мұндай мүмкіндік Атырау облысы әкімдігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ-ның бірлесіп күш салуының арқасында іске аспақ, деп хабарлайды Baq.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
12-13 қарашада Атыраудағы Ренесанс қонақ үйінде "International Education Fair" шетелдік жоғары оқу орындарының ірі көрмесі өтеді. Ұйымдастырушылар Атырауға қазақстандықтардың шетелде тегін білім алу үшін 20 мыңдай тегін білім беру гранттарын әкелуді жоспарлап отыр.
Мұнайлы астанаға әлемнің 40 елінен 200 университеттің өкілдері - "Халықаралық бағдарламалар орталығы"АҚ - ның серіктестері келеді. Қонақтар Қазақстанның тек 4 қаласына: Астана, Алматы, Шымкент және Атырауға келеді деп жоспарлануда.
"Екі күн бойына Атырау облысы тұрғындарының шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерімен тікелей сөйлесуге, шетелде тегін білім алу туралы көбірек білуге, сондай - ақ білім беру саласындағы мәселелер бойынша кәсіби кеңес алуға бірегей мүмкіндігі болады", - деді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Жанболат Мелдешов.
Сонымен қатар, көрме қонақтары сарапшылардан гранттар мен стипендиялар туралы ақпарат алады, тек көрмеде қолжетімді арнайы ұсыныстарға қатыса алады, сондай-ақ танымал халықаралық емтихандарды табысты тапсырудың басты құпиялары туралы білуге мүмкіндіктері бар.
"International Education Fair халықаралық білім беру көрмесі Атырау облысының түлектері үшін өте өзекті, өйткені біздің өңіріміз өте белсенді қарқынмен дамып келеді, бұл жөнінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша айтуға болады. Бүгінде еңбек нарығында шетел тілдерін білетін және шетелдік тәжірибесі бар кең бейінді мамандар сұранысқа ие. Өңірдің одан әрі өркендеуі үшін бізге мықты мамандар қажет, сондықтан да Атырауда халықаралық білім көрмесін өткізу туралы шешім қабылданды", - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова.
Қазіргі уақытта 100 000-ға жуық қазақстандық студент шетелдік университеттерде білім алып жатқанын естеріңізге сала кетейік.
"Жыл сайын қазақстандық мектеп түлектерінің саны артып келеді. Ағымдағы жылы мектептер мен колледж түлектерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 20 мың адамға өсіп, 297 000 адамды құрады. 2025 жылға қарай олардың саны 400 000 адамға жетеді деп күтілуде, Атырау облысында да өте жақсы демографиялық серпін байқалады", - деп атап өтті "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басшысы Жанболат Мелдешов.
Биыл "Болашақ" стипендиялық бағдарламасы 25 жылдығын атап өтеді, мерейтойды мерекелеу аясында Қазақстанның 4 өңірінде әлемдік жоғары оқу орындарының өзіндік съездері өтеді.
Сондай-ақ Астанада, Алматы мен Шымкентте көрмелер өткізу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында адами капиталды дамытудың ерекше рөлін атап өтіп, алдағы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын.