Ақбаян Мұқанғалиева Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында ем алды.
ҚР ІІМ видеосынан алынған фото
ERNUR.KZ. Туыстары аяусыз өлтіріліп, күйеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиеваның тағдыры ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді. Әйел Атыраудағы Психикалық денсаулық орталығында ем алған. Қазір ол ауруханадан шығып, балаларымен алғаш рет жүздесті, деп жазады tengrinews.kz.
Ақбаян емдеуден кейін ауруханадан шықты
Ақбаян Мұқанғалиева Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында ем алды. Бұл туралы бізге Атырау облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятова хабарлады.
Оның айтуынша, әйел ауруханадан шыққан және балаларына екі рет келіп кеткен.
Дегенмен, Ғиниятова Мұқанғалиеваның емі әлі де жалғасуы мүмкін екенін атап өтті. Әйелдің туыстары ол Психикалық денсаулық орталығына тағы 10 күнге жатуды жоспарлап отырғанын айтқан.
"Ол балаларына алғаш рет өткен аптада келді. Ал жақында, бір-екі күн бұрын екінші рет келіп: "Мен ауруханаға тағы он күнге жатпақшымын" деді. Анасы туыстарымен бірге екі рет те кешкісін, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін келді. Бірінші рет шамамен 19:30-да, екіншісінде 20:30 шамасында болды", – деді Ғиниятова.
Бұл уақытта мекемеде кезекші тәрбиешілер болған. Олар Мұқанғалиеваға балаларымен тілдесуге мүмкіндік берген.
"Оның келмегеніне көп болғандықтан, балаларымен жүздесуге рұқсат бердік. Бетін қайтара алмадық. Балаларын көрсін, олар да анасын күтіп жүр ғой", – деді орталық директоры.
Ақбаян балаларын алып кете ала ма?
Әзірге әйелдің 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы Бейімдеу орталығында қалып отыр. Ең кішісі, бір жарым жасар ұлы мамандандырылған балалар үйінде.
Құндыз Ғиниятованың айтуынша, емдеудің келесі кезеңінен кейін мамандар Мұқанғалиеваның жағдайын қайта бағалауы керек.
"Осыдан кейін оның жағдайына тағы бір рет баға беру қажет болады. Егер бәрі дұрыс болса, анасы балаларын алып кете алуы мүмкін", – деді ол.
"Балалардың эмоционалдық жағдайы тұрақты"
Бейімдеу орталығының мәліметінше, үш бала 2 ақпанда орналастырылған, тағы бір қызы 9 сәуірде балалар үйінен ауыстырылған. Кенже ұлы әзірге балалар үйінде қалып отыр.
"Қазіргі уақытта балалардың денсаулығы қанағаттанарлық, эмоционалдық жағдайы тұрақты", – деп хабарлады орталық.
Мектеп жасындағы балалар оқуын жалғастырып жатыр. 10 жасар қызы төртінші сыныпта, 8 жасар ұлы үшінші сыныпта оқиды. Мұғалімдер орталыққа келіп, кесте бойынша сабақ өткізеді.
"Тәрбиеленушілердің оқу үрдісінен қол үзіп қалмауы үшін және білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде оқу-тәрбие жұмыстары ұйымдастырылған", – деді мекеме өкілдері.
Ақбаянның жағдайы туралы не белгілі?
Еске сала кетейік, 10 наурызда Индонезиядан экстрадицияланғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиева Атыраудағы мамандандырылған медициналық мекемеге жіберілді. Наурыздың соңында прокуратура әйелден психикалық ауытқу белгілері анықталса, оған Алматыда сараптама тағайындалатынын хабарлаған болатын.
10 сәуірде Мұқанғалиева Алматыдағы Сот сараптамасы институтына ауыстырылғаны белгілі болды.
Институт редакцияның сауалына берген жауабында сәуірде әйел амбулаториялық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтіп, бұл 2026 жылдың 21 сәуірінде аяқталғанын хабарлады. Осыдан кейін оны институтта қалдыруға негіз болмаған.
Бұл ретте тергеу құпиялылығына байланысты сараптама нәтижесі жарияланбады.
Айта кетейік, бұған дейін 29 мамырда прокуратура Мұқанғалиева динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикаға мұқтаж екенін хабарлаған болатын.
Әкесі өмір бойына сотталып, анасына қатысты іс тоқтатылды
14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты үкім шығарды. Сот оны әйелінің төрт туысын аса қатігездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп таныды – тергеу барысында сотталушының марқұмдарға 60-қа жуық пышақ жарақатын салғаны анықталды. Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Атырау облысының прокуратурасы тергеушілер қылмыс құрамының болмауына байланысты Мұқанғалиеваға қатысты екі қылмыстық істі тоқтатқанын нақтылады.
- Екі және одан да көп адамды өлтіруге қатысты іс 27 сәуірде тоқтатылды (21 сәуірдегі амбулаториялық психологиялық-психиатриялық сараптамадан кейін – ред. еск.),
- қылмыс туралы хабарламау ісі 24 маусымда тоқтатылған.
Прокуратура қазіргі уақытта Мұқанғалиеваға қатысты басқа қылмыстық іс жоқ екенін айтты.
Ескерту: Бұған дейін ерлі-зайыпты 2022 жылғы 22 қарашада ресми түрде ажырасқанын, төрт баласы анасымен қалғанын жазған болатынбыз. Ажырасқанына қарамастан, 2023 жылдың қаңтарында Сәрсемалиев Атырауда Ақбаян жалдап тұрған пәтерге көшіп келген. Кейін олар тұрғылықты жерін ауыстырған. Алдын ала жарияланған мәліметтер бойынша, 2025 жылы Ақбаян бесінші баласын дүниеге әкелген.


