Атыраудағы жантүршігерлік қылмыс: марқұм жүкті болған

0
238

Элиталы тұрғын үй кешенінде кісі өлтіру ісі бойынша сот процесі басталды.


Атыраудағы жантүршігерлік қылмыс: марқұм жүкті болған

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Атырауда мұнай компаниясы менеджері 46 жастағы Бибігүл Шпанованың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот процесі басталды. Күдікті – 37 жастағы Арман Жетпісов бес бірдей баппен айыпталуда, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сот барысында қаза тапқан әйелдің жүкті болғаны анықталды. Бұл ақпаратты жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Жолболов мәлімдеді.

«Бибігүл Шпанованың өлімі ғана емес, оның жүкті кезінде аса қатыгездікпен зорлануы да бұл істің ауырлығын арттырып отыр. Күдіктіге ҚК-нің бес бабымен айып тағылды», – деді адвокат.

Тергеу нұсқасы бойынша:

  • Күдікті өзін сантехник ретінде таныстырып, танысы болған Шпанованың пәтеріне кірген
  • Бұған дейін ол сол үй кешенінде техникалық қызмет көрсетіп, Шпановаға ұсақ жөндеу жұмыстарын жасаған
  • Әйел оның жұмысынан күмәнданып, ақша қайтаруды талап еткен
  • Сол күні Жетпісов әйелдің үйіне келген сәтте бірден шабуыл жасаған
  • Көптеген пышақ жарақатын салып, зорлаған, кейін пәтер мен көлігін тонап, сол көлікпен қашпақ болған
  • Маңғыстау облысында жол апатына түсіп, сол жерде ұсталған.

Айыптар тізімі

Күдіктіге мынадай баптармен айып тағылып отыр:

  • Алаяқтық (ҚК 190-бап, 1-бөлім)
  • Аса қатыгездікпен зорлау (ҚК 120-бап, 2-бөлім, 2-тармақ)
  • Ірі көлемде ұрлық (ҚК 188-бап, 3-бөлім, 3-тармақ)
  • Көлік құралын заңсыз иемдену (ҚК 200-бап, 1-бөлім)
  • Жүкті әйелді қатыгездікпен өлтіру (ҚК 99-бап, 2-бөлім, 4, 5, 8, 10-тармақтар).

Сот процесі жабық форматта өтуде, өйткені іске қатысты сезімтал деректер бар. Шпанова отбасының өкілі адвокат Жолболов соттан ең жоғарғы жаза – 25 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етіп отыр.

«Шпанова отбасының ұстанымы анық: егер оның кінәсі дәлелденсе, ол ең ауыр жазаға тартылуы керек. Сот кәсіби судьяның қатысуымен өтіп жатыр, алдағы бірнеше аптада үкім шығады деп ойлаймын», – деді адвокат.