Ауа-райына байланысты алты облыста жол жабылды

0
2 449

​Жабылған жолдарға қар тазалайтын техника шығарылып, құтқарушылар мен полицейлер бекеттері қойылған.


Ауа-райына байланысты алты облыста жол жабылды

Ауа райының қолайсыздығынан алты облыста жол жабылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының ақпараты бойынша ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, бұрқасын, шектеулі көріну) алты өңірде - Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар мен Батыс Қазақстан облыстарында республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдар жабылды", - делінген ресми хабарламада.

Ал Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, өңірлерде бұрқасын, қар, көктайғақ күтіледі, жел 15-20 м/с-ке дейін күшейеді.

Қазіргі кезде төтенше жағдайлар министрлігінің шұғыл штабы жолда қызмет көрсететін компаниялармен, Қазгирометпен, ішкі істер министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Жабылған жолдарға қар тазалайтын техника шығарылды. Құтқарушылар мен полицейлер бекеттері қойылды. Бұдан бөлек, жылынатын орындар жасақталды.

"Техниканың жиналуына қарай автоколонналар өткізіледі. Олармен бірге полиция мен жол қызметтері жүреді", - дейді құтқарушылар.

Осы орайда мамандар ауа райын бақылап отыруға үндеді. Дауыл туралы ескертулерге құлақ асып, қажетті сақтық шараларын қолға алған жөн. Елді мекендер арасындағы жолдарға шығудың алдында міндетті түрде ауа райы болжамын қарап алған дұрыс.