Қазіргі уақытта Маңғыстау облысындағы жолдағы жағдай қиын.
Фото: instagram.com/aktau_airport_official
ERNUR.KZ. Ақтау әуежайы ауа райының қолайсыз болуына байланысты уақытша жабылды, деп жазады ulysmedia.kz.
27 ақпан күні жергілікті уақытпен сағат 12.00 мен 17.00 аралығында Ақтау әуежайының ұшу-қону жолағы қолайсыз ауа райы және техникалық қызмет көрсетуге байланысты уақытша жабылды. Жолаушылар рейстердің жай-күйі мен кестедегі өзгерістер туралы ақпаратты әуежайдың ресми сайты www. aktau-airport.kz арқылы немесе тәулік бойы жұмыс істейтін ақпарат бюросынан: 8 (7292) 60 97 55 біле алады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 27 ақпанда жоспарланған 11 рейстің төртеуі кешігіп жатыр.
Еске салайық, қазіргі уақытта Маңғыстау облысындағы жолдағы жағдай қиын. ТЖМ қызметкерлері өңірде қар құрсауынан 200-ге жуық адамды құтқарды.
Бүгін Маңғыстау облысында Ақтау қаласы мен әуежай арасындағы облыстық маңызы бар автожолда ауа-райының нашарлауына байланысты қар құрсауында бірнеше автокөлік тұрып қалды.
ТЖМ құтқарушылары 198 адам мінген 71 көлікті сүйреп шығарды. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.