«Жалын» деп аталған робот тұрмыстық қалдықтар мен жапырақтарды жинай отырып, арналардың таза болуын және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етеді.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
ERNUR.KZ. «Жалын» деп аталған робот тұрмыстық қалдықтар мен жапырақтарды жинай отырып, арналардың таза болуын және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етеді, деп жазады inform.kz.
«100 жаңа есім — 100 новых лиц» айдарында біз өзгелерге үлгі боларлық және білім беруге жаңа серпін беретін тұлғалар жайлы баяндаймыз. Бұл жолғы кейіпкерлеріміз — Абай облысы Аягөз ауданының қазақ мектеп-лицейінде оқитын 5-сынып оқушылары: Ерсұлтан Жұматай, Әмірхан Сапиев пен Әкежан Берікқазы. Олар су арналарындағы қоқысты автоматты түрде тазартатын ерекше робот жасап шықты.
Жобаның негізгі мақсаты — су арналарында қоқыстардың жиналуының алдын алу. Оқушылар экология, инженерия және робототехника сабақтарында алған білімдері бойынша құрастырған.
«Жалын» деп аталған робот тұрмыстық қалдықтар мен жапырақтарды жинай отырып, арналардың таза болуын және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етеді.
Идеядан бастап іске асыруға дейінгі барлық кезеңдерді оқушылар өздері орындап, механикалық тазарту қағидаларын және бағдарламалаудың негіздерін зерттеген.
— Бізге бұл идея Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасының арқасында келді. Роботымыз туған ауылымызда тазалықты сақтауға көмектессе дейміз. Ал болашақта қоқысты жинап қана қоймай, оны сұрыптай алатын мини-робот жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді оқушылар.
Айта кетейік, жоба 2024 жылғы FIRST Championship аймақтық кезеңінде жоғары бағаланып, үздік ондыққа еніп, әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі, жаңашылдығы мен командалық жұмысы үшін Core Values Winner номинациясында марапатқа ие болды.