"Аяғы қысылып қалған": Алматылық қыз 26 жастағы жігіттің метрода пойыз астына қалай құлап кеткенін айтып берді

0
193

Әсия болған оқиғадан әлі есін жия алмағанын айтты.


Фотоны редакцияға куәгер ұсынған

ERNUR.KZ. 10 желтоқсанда Алматыдағы метроның "Абай" станциясында қарбалас кезінде жас жігіт рельске құлап мерт болды. Әсия (аты өзгертілген) есімді оқиға куәгері жағдайдың қалай болғанын айтып берді. Оның айтуынша, жолаушылар 26 жастағы жігітті құтқарып аламыз деп ойлаған, деп жазады stan.kz.

Әсия болған оқиғадан әлі есін жия алмағанын айтты. Сөйте тұра ол редакцияға оқыс оқиғаның қалай болғанын және жігіттің күйі туралы әңгімелеп берді.

"Шыны керек, әлі де бұдан есімді жия алмай, есеңгіреп қалдым. Біз метроға түсіп, пойыздар тоқтатылған сәтте көпшіліктің арасында қалдық. Ол жерде не болғанын білу үшін жақынырақ бардық. Бірақ бүкіл сұмдықды өз көзіммен көрдім. Жолаушылар пойызды шайқап, жігітті құтқаруға тырысты. Жігіттің қалай құлағанын көрмедім, бірақ біреулер оны байқамай итерген болуы мүмкін немесе өзі байқамай сол жаққа түсіп кеткен. Айтуларынша, алдымен оның аяғы қыстырылып қалған, содан кейін пойыз қозғалған кезде ол төменге құлап түсті. Жігітті шығарып алған кезде оның беті көгеріп кеткен. Бет-аузы қатты ісінген еді, бұл соққыдан болған сияқты... Оны басып қалған ба, жоқ па, нақты түсініксіз. Мүмкін, пойыздың астында қалғаннан немесе рельстерге құлағаннан болған шығар. Рельстерде электр кернеуі бары анық, бірақ нақты себебін сарапшылар анықтар", – деді Әсия.

Әсия жігітті көргенде оның сол сәтте-ақ қайтыс болғандай немесе тым ауыр жағдайда жатқандай көрінгенін айтты. Оның киімін шешті. Ал полиция адамдарды алшақтатты дейді қыз.

"Бәрі байсалды, салқынқанды әрекет етіп, жігітке көмек көрсетпек болды. Бірақ өкінішке қарай, оны қайта тірілту мүмкін емес сияқты көрінді. Оны шығарғаннан кейін, бірден көмек көрсетуге тырысып, есін жиғызбақ болды. Бәріміз сол жерде тұрып, соңына дейін үміттендік. Мүмкін, бәрібір есін жияр деп ойладық, тіпті, сүйегі сынса да аман қалар деп үміттендік. Бірақ алған жарақаттары өмірмен үйлеспейтіндей ауыр еді. Бұл жағдай қалай болып кеткені белгісіз... Жігіттің түрі бозарып, көгере бастаған еді. Біраз уақыттан кейін барлығымызды метроның сырт жағына шығарып жіберді. Метро жабылып, бәріміз сыртқа шықтық. Осылай қайғылы жағдайдың куәсі болдық…", – деп түсіндірді Әсия.

Әсияның айтуынша, сол кез – қарбалас уақыты, халық өте көп болған. Ол метро тәртібін қалай ұстану керек, қоғамдық орыөзін өзі қалай ұстау керек деген мәдениет жоқ екенін айтып, қынжылды.

"Расымен, кейде адамдар өздерін үңгірден шыққандай ұстайды. Әрине, бәрі мұндай емес. Алайда халық көп болғандықтан, біреулер байқамай немесе немқұрайлы қарағандықтан, осындай қайғылы жағдай болды. Айғай-шу, "жол беріңіздер", "артқа қайтыңыздар" деген дауыстар шығып жатты. Станция толы халық еді, өте қорқынышты болды", – дейді оқиға куәгері Әсия.

Куәгер жолаушылардың бәрі жоғарыға көтеріліп, әркім өз жолымен кеткенін айтты. Әсия бізге пойызды шайқап, құтқару әрекетін бастаған сәтті түсірген видеоны жіберді. Видеолардың бірінде "болды, жетеді, бәрі аяқталды, оны шығарды" деп айтқанын естуге болады.

"Ең бастысы, әрдайым және барлық жерде мұқият болу керек. Бұл әсіресе метро сияқты қауіпті орындарда өте маңызды", – деп түйіндеді Әсия.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда метроның "Абай" станциясында көзі нашар көретін 26 жастағы жігіт рельске құлап, көз жұмғанын жаздық. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, куәгерлер оны құтқаруға тырысқаны байқалды. Полиция мен жедел жәрдем дереу жеткенімен, азаматты аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. "Абай" станциясы уақытша жабылып, пойыздар ол бекетке тоқтамайды. Метроның басқа станциялары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.