Кешен іске қосылған кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
фото: Sputnik /Камшат Абдирайым
ERNUR.KZ. Облыс әкімі Берік Уәли Қазақстанның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Әлім Байелмен және Әзербайжан кәсіпкерлері делегациясымен кездесті, деп жазады sputnik.kz.
Делегация Алакөл жағалауында халықаралық деңгейдегі емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысын салу жөнінде ұсыныс айтып, инвестициялық жобаны таныстырды.
Бұл туристік нысан Алакөлде жыл бойы жұмыс істеп, бір мезетте 800 адамға дейін қабылдай алады.
Инвестиция көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. Кешен іске қосылған кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтып, медицина мен демалысты тоғыстырған жаңа кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
"2024 жылы Қазақстан-Әзербайжан бірлескен инвестициялық қорын құрдық. Егер Алакөл жобасы сәтті жүзеге асса, бұл аталған қор аясында іске асатын алғашқы жобалардың бірі болады", - деді Әлім Байел.
Аймақ басшысы туристік жобаның өңір үшін маңызды екенін айтты.
"Қазіргі таңда Алакөл туристік аймағының бас жоспары әзірленіп жатыр. Сол жерден орын бөлуге дайынбыз. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады", - деді облыс әкімі.