«Бәйтерек» холдингі «Сбербанк Қазақстанды» сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

0
1 108

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 8 еншілес ұйымды қамтиды,.


«Бәйтерек» холдингі «Сбербанк Қазақстанды» сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

ERNUR.KZ. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі «Сбербанк Қазақстанды» сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл мәліметті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова растады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның айтуынша, «Сбербанк Қазақстан» компаниясын сату туралы шешімді санкциялық шектеулерге байланысты «Сбербанк Россия» қабылдаған.

«Шынында да, қазір «Сбербанк Қазақстан» сатылымы талқыланып жатыр. Ол – «Сбербанк Россияның» еншілес ұйымы. Бұл банк санкцияларға ұшыраған болатын. Санкцияларға сәйкес шетел валютасында операциялар жасай алмайтындығын білдіреді. Оның шетелдік корреспонденттік банктердегі шоттары жабылып, жаңа қаржыландыруды тарту мүмкіндігі шектеулі болды. Осыған байланысты «Сбербанк Россия» өзінің еншілес банкін Қазақстанда сату туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингімен банкті сату туралы тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр.
Бұл банк қазір жұмыс істеп тұр, банктік лицензиясы, өтімді активтері, өте жоғары сапалы несие портфелі бар. Банктің активтері санкциялар енгізілгеннен кейін азайды. Санкциялар енгізілген сәтте «Сбербанк Қазақстан» еліміздің банк жүйесіндегі активтер бойынша екінші орында болды. Бірақ ол тұрақты және төлем қабілетті банк болып қала береді.
Егер мәміле жасалса, меншік құқығы, яғни акциялардың 100 пайызы сатып алушыға беріледі. Бұл жаңа банктік лицензияны талап етпейді, жаңа банк пайда болады дегенді білдірмейді, жай ғана акционері өзгереді», - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

Айта кетейік, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі болып саналады. Холдинг 8 еншілес ұйымды қамтиды: «Қазақстанның Даму Банкі», «Отбасы банкі», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы», Kazakh Export, «Қазына Капитал Менеджмент», «Аграрлық несие корпорациясы», «Қазагроқаржы» АҚ.

Сарапшылар осыған дейін Ұлттық холдингті санкциялық активті сатып алудан сақтандырған болатын. Естеріңізге сала кетейік, ресейлік ВТБ, Альфа-Банк және Сбербанк банктерінің қазақстандық еншілес ұйымдары санкцияларға ұшыраған болатын. Ресейлік банктердің бірі – «Альфа» Қазақстандағы өз филиалын сатты. Оны Банк ЦентрКредит сатып алды.