Науқас тәрбиешіден балаларға аурудың жұққан не жұқпағаны үш күннен кейін белгілі болады.
ERNUR.KZ.. Ақмола облысындағы Шортанды ауылында балабақшада жұмыс істейтін 23 жастағы келіншектен өкпе дерті анықталды. Науқас тәрбиеші қазір ауруханада жатыр екен. Одан туберкулездің ашық түрі анықталса да, мектепке дейінгі мекеме карантинге жабылмаған, деп жазады ktk.kz.
Балабақшада туберкулезге шалдыққан тәрбиеші жұмыс істейтінін ауыл әйелдері бір-бірінен естіпті. Өкпе ауруының ашық түріне шалдыққан тәрбиешінің ауруханада жатқанын жауаптылар аптаға жуық жасырды дейді наразы топ.
Наталья Николаева, Шортанды ауылының тұрғыны:
- Бізге әлі де ешкім ресми түрде ештеңе айтпады. Бүгін ата-аналардың рұқсатынсыз балаларға екпе салған. Келісіміміз керек емес екен. Бәрі жақсы болады дейді. Мен оған сенбеймін.
23 жастағы тәрбиешінің мына балабақшада жұмыс істеп жүргеніне бір жылдан асыпты. Шортанды ауылының тұрғыны жақында ғана медициналық тексеруден өткен екен. Ол кезде өкпесі таза болған. Дерті аяқ асты дендеген секілді. Үлкен даудан соң тәрбиешінің өкпе ауруына шалдыққанын СЭС қызметкерлерінің растауына тура келді.
Сәуле Сәдуақасова, Шортанды аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Балабақша қызметкері денсаулығы сыр беріп тұрғанын айтып медбикеге келген. Даусы жоғалып, өкпесі ауырған. Тексергенде туберкулез екені белгілі болды. Оның үстіне үзіліссіз екі баланы қатар тапқан. Ағзасы әлсіреуі де мүмкін.
Ұл мен қызының денсаулығына алаңдаған ата-аналар болса балабақша басшысына жолығуға тырысқан еді. Оқыс жағдайға қарамастан, мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі жұмыс орнында болмай шықты.
Нина Бунькова, Шортанды ауылының тұрғыны:
- Егер балама ауру жұққаны анықталса, мен жай қалдырмаймын. Ешкімді аямаймын. Жауаптыларды сотқа беремін. Толық емдеп берулерін талап етемін. Өйткені, балам науқас тәрбиешімен ашық қарым-қатынаста болды.
Қазір балабақша қалыпты күнделікті жағдайда жұмыс істеуде. Карантин жарияланбаған. СЭС қызметкерлері келіп, нысанның ішін дезинфекциялық заттармен тазартып кетіпті. Сондықтан басшылар балабақшаның ішіне бөгде адамды, тіпті, ата-наларды да кіргізбеуде. Ал науқас тәрбиешіден балаларға аурудың жұққан не жұқпағаны үш күннен кейін белгілі болады. Ақхалаттылар бүгін кішкентайларға екпе салып кетіпті. Тәрбиешінің де ауруханадан шыққан соң бүлдіршіндердің ортасына орала ма, ол жағын да білікті дәрігерлерден жасақталған комиссия шешетін болады.