Балаларды туберкулезге қарсы егу тоқтатылды - «СҚ-Фармация»

0
1 198

Туберкулезге қарсы екпе жұмыстары уақытша тоқтатыла тұрады.


Балаларды туберкулезге қарсы егу  тоқтатылды - «СҚ-Фармация»

ERNUR.KZ. Елімізде балаларды туберкулезге қарсы егу жұмыстары 2-3 айға кешігуі мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп мәлім етті.

«Қазақстанда жыл сайын туберкулезге қарсы 370 мыңнан астам жаңа туған нәресте мен 230 мыңнан астам 6-7 жастағы бала егіледі. Өткен кезеңде барлығы 700 мың бала егілген болатын. Соңғы 14 жылда жапониялық Japan BCG Laboratory компаниясының екпесі қолданылып келген. Аталмыш компания биылғы жіберген екпенің 33 сериясын 35 елден қайтарып алуына байланысты Қазақстанда туберкулезге қарсы екпе жұмыстары уақытша тоқтатылады» - деген Берік Шәріп оның жапониялық екпе орнына Үндістаннан Serum атты екпе әкелу бойынша келіссөз жүріп жатқанын жеткізді.

«Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. Оны Үндістаннан Қазақстанға жеткізгенше 2-3 ай уақыт кетеді. Осы кезеңге дейін туберкулезге қарсы екпе жұмыстары тоқтатыла тұрады», - деді ол.

ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова бұған дейін жапониялық екпені салдырған балалар үшін алаңдауға еш негіз жоқ екенін қосты.

«Жапониялық компания биыл шығарған 90 мың партияның 3 құтысынан ғана бөгде зат тапқан. Оның өзінде екпенің өзінен емес, еріткіштен тығынның бөлшегі шыққан. Жапония сол себепті бүкіл партияны қайтарып алып жатыр. Сондықтан бұған дейін егілген вакциналардың бала денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін емес», - деді комитет басшысы.