Қазір күдікті қазақстандықтардың екеуі де қамауда отыр.
Фото: thebalimedia.com
ERNUR.KZ. Балидің есірткіге қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігі есірткі таратты деген күдікпен ұсталған екі қазақстандыққа қатысты тергеудің егжей-тегжейін мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
БАҚ мәліметінше, алдымен жергілікті тұрғындар күдікті шетелдіктер туралы полицияға хабарлаған, кейін құқық қорғау органдары оларды қадағалай бастаған. Бір күні полицейлер шетелдіктер жол жиегіне тоқтағанын байқапты. Олардың бірі жолдан бірдеңе іздеген, ал екіншісі оны мотоциклде күтіп тұрған.
Осылайша полицейлер шетелдіктерді ұстаған. Тінту кезінде оларда есірткі, яғни метамфетаминнің 30 қаптамасы табылған.
Алдын ала мәліметтер бойынша тергеу барысында қазақстандықтар Ресейде орналасқан ірі халықаралық есірткі желісіне кіретіні анықталған.
Сондай-ақ, есірткі желісін EVIL (зұлымдық) бүркеншік атымен белгілі бір адам басқаратыны айтылады. Оған іздеу жарияланған, бірақ құқық қорғау органдарының пікірінше, ол бұл істі Индонезиядан тыс жерде басқарып отыр.
Қазір күдікті қазақстандықтардың екеуі де қамауда отыр. Оларға есірткінің заңсыз айналымы туралы бап бойынша айып тағылды, бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
Еске салайық, қазақстандықтар биыл сәуірде ұсталған, олардан шамамен 49 грамм кристалл метамфетамин табылған.