Оған адамның бет-әлпеті мен саусақ іздерін тану қызметін енгізу қаралып жатыр.
фото: Sputnik / Владимир Трефилов
ERNUR.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов банкоматтан ақша алу тәртібі өзгеретінін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл банкоматтардан 13,2 трлн теңге алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 трлн-ға артық. Қолма-қол ақшаны көп жағдайда анонимді операцияларды жасау үшін пайдаланады. Ондайда берген және алған адамды анықтау қиын. Ал ақша бөгде адамдардың карталары арқылы жіберіледі.
“Біз реттеуші органмен бірге нақты шешімдерді әзірледік. Біріншіден, картаға 500 мың теңгеден астам салған кезде ақшаны жіберуші адамның ЖСН-ін көрсету міндеті енгізіліп отыр. Оған қоса, операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау міндеті пысықталып жатыр. Екіншіден, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардағы видеокамералардың жазбаларын кем дегенде 180 күн сақтауы қажет. Сол арқылы күдікті операциялардың қатысушыларын анықтауға болады”, - деді Бижанов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, банкоматта биометриялық тексеріс - адамның бет-әлпеті мен саусақ іздерін тану қызметін енгізу қаралып жатыр.