Туған қаласының көшелерімен серуендеп өткен Бауыржан Байбек үйіне метромен қайтқан.
ERNUR.KZ. Алматы әкімі Бауыржан Байбек кешегі жексенбілік кеште Панфилов көшесінің бойымен серуендеп қайтты. Балаларын ертіп, автобусқа отырған қала басшысы серуен кезінде алған әсерімен өзінің инстаграм парақшасында бөлісті, деп жазады Stan.kz.
BRT желісіндегі 205 нөмірлі автобусты күтіп тұрған әкім автобус аялдамасындағы қағаз кестеде аталған мартшруттың көрсетілмегенін байқаған. Дегенмен, ол автобустың электронды кестеде көрсетілген уақытса сай, дәл уақытында келгенін айтты.
Байбек сондай-ақ, екі жылда Алматы автобус паркінің 80% -ға жаңартылғанын, бірақ әлі де жұмысты қажет ететін жерлер бар екенін атап өтті. Бұдан бөлек, қала басшысы 38-ші автобустың ескі автобустарына шағым көп түсетінін де жасырмады. Ол тұрғындардың шағымын түзеуге уәде беріп, жақын арада тағы 500-ге жуық автобустың пайдалануға берілетінін айтып кетті.
«Біз Төле би мен Панфилов көшесінің қиылысына дейін жеттік. Қала тұрғындарының көңіл күйі тамаша, алматылық болып жүрді. Барлығы күлімдеп, қуанышты жүр. Кафелер мен мейрамханалар келушілерге толы. Жолда біз Гоголь көшесіндегі кітап дүкеніне кірдік. Онда жастардың көп жүргенін көріп, қуанып қалдым», - деді Алматы әкімі Бауырдан Байбек кешегі серуен кезіндегі әсерімен бөлісіп.
Туған қаласының көшелерімен серуендеп өткен Бауыржан Байбек үйіне метромен қайтқан. Ескі станциялардың барлық жерінде қозғалысы шектеулі тұрғындарға жағдайлар жасалмағанын, дәретханалардың жоқ екенін байқаған әкім жаңа жобаларда осы кемшіліктердің ескерілетінін айтты.
Ал желі қолданушылары өз кезегінде, әкімге қала үшін жасап жатқан жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.
«Алматы қаласы сіздің арқаңызда өзгерді. Қалада серуендеуге арналған қаншама әдемі жерлер пайда болды. Халық арасына шығып тұратыныңыз қуантады. Осылайша, сіз қаладағы мәселелерді сондай-ақ, қарапайым азаматтың өмірін өз көзіңізбен көре аласыз. Осындай бейнежазбалар түсіріп, серуендеуге жиі шығып тұрыңыз. Әкімді автобустан, дүкеннен кездестіргім келеді. Алматы әкімінің мегаполисте жасалған барлық нәрсені қолданатындығын білгім келеді», - дейді желі қолданушылары.