Мұндай жайт әлемнің барлық елінде байқалады.
ERNUR.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылыс арматурасының қымбаттау себебін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Биыл бұл әлемдік үрдіс болып тұр. Бізде де, көршілерімізде де, жалпы әлемде құрылыс материалдарына, құрылыс арматурасына баға күрт өсіп кетті. Бұл көптеген елдің пандемиядан кейін экономикалық дағдарыстан шығып, қарқынды құрылыс жүргізіп жатқанымен байланысты», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында келіп түскен сұраққа орай.
Оның атап өтуінше, шикізат, металл сынықтарының бағасы да күрт қымбаттады. Мұндай жайт әлемнің барлық елінде байқалады.
«Нарық жылдам өсіп барады. Оның бағасы 320-330 мың теңгеден 400 мың теңгеге жетіп қалды. Дегенмен, көрші Ресеймен салыстырғанда баға айырмашылығы шамамен 5 пайызды құрайды. Арматураның үлкен көлемін Ресейден сатып алып отырмыз. Өзіміздің өндіріс көлеміміз бар. Бірақ, ол жеткіліксіз. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осы жылы 17 млн шаршы метр тұрғын үй салуымыз қажет. Мұның барлығы баға параметрлеріне әсерін тигізеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.