Белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова өмірден өтті

0
1 136

Әселхан Әлішерқызы Қалыбекова қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, бірнеше кітаптың авторы.


Белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова өмірден өтті

Белгілі айтыскер, «Халық ақыны» Әселхан Қалыбекова дүниеден өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаралы хабарды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Facebook парақшасында мәлім етті.

«Таңменен суыт хабар жетті. Әселхан апамыздың сағаты соғыпты. Өткен айтыста төрімізді толтырып, жарқырап жүр еді, жарықтық. Амал нешік. Апамыздың иманы жолдас болсын. Халқымыз қазақтың дәстүрлі өнерін қайта жаңғыртқан, жаңа леп алып келген айтулы айтыскер ақыннан айырылып қалды. Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз жолдас болсын, апа! Алдыңыздан жарылқағай.

Өзіңізбен бірге бір дәуір көшті. Орныңыз толсын. Талай ақын қыздарға үлгі болып, жол көрсетіп, көш бастап едіңіз. Жаратқан алдыңызды пейіш, артыңызды кеніш еткей», - деп жазды Шыңғыс Мұқан.

Әселхан Қалыбекова 1950 жылы 22 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Көксарай елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы орта мектебін бітірген. Еңбек жолын 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында бастаған. 1981-1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады.

1981-1984 жылдары аралығында аудандық, облыстық және облысаралық ақындар айтыстарында жүлделі орындарды иеленді.

Жазушылар одағы Жамбыл атындағы сыйлығының тұңғыш иегері. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Қазақ КСР-ның Халық ақыны құрметті атағы берілді. Отырар аудандық мәдениет бөлімі жанынан ашылған ақындар мектебіне жетекшілік етті. Отырар ауданының "Құрметті азаматы". "Парасат” орденімен марапатталған.

Әселхан Әлішерқызы Қалыбекова "Отырар аспаны", "Басыңды тікпей бақ қайда?!", "Алладан пәрмен сұраған", "Сырттан кеткен тамырлар", "Жыр-Шапағат", "Әселхан Әлемі" атты кітаптардың авторы.