«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша 411 маман қорытынды бағалаудан өтті

0
109

Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған жоба нәтижесінде 2023-2024 жылдары 583 педагог резервист атанды.


«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша 411 маман қорытынды бағалаудан өтті

ERNUR.KZ. 2023 жылдан бері елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған жоба нәтижесінде 2023-2024 жылдары 583 педагог резервист атанды. Оның 400-ден астамы басшылық қызметке конкурссыз тағайындалса, 40 директор бүгінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған мектептерді басқарып отыр. Осылайша, Қазақстандағы мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды.

Жоба жалғасын тауып 2025 жылы тағы 428 үміткер оқудан өтті. НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығында мектеп директорларының орынбасарларын оқыту 21 шілдеде басталып 12 қыркүйекте аяқталды. Білім берудегі өзгеріс көшбасшылары бірнеше кезең бойы іріктеліп, үш деңгейде біліктілігін арттырған соң қорытынды бағалауға жіберілген болатын.

Бағдарлама қатысушылары 15-26 қыркүйек аралығында өткен қорытынды бағалаудан өту үшін рефлексивті есеп әзірледі. Онда үміткерлер алған білімдерін тәжірибеде қолдана білетінін дәлелдеуі қажет. Аталған материалдар белгіленген критерийлерге сәйкес тексеріліп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық өлшеулер орталығының сыртқы сараптамасына жолданды. Бұл кезеңнен сәтті өткен мамандар кадрлық резервке қосылу үшін Оқу-ағарту министрлігі жанындағы комиссиямен әңгімелесуге жолдама алды.

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын сәтті аяқтаған және кадр резервіне кірген мамандар конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалады.