Шекаралық аймақтағы әскери бөлім Қорғаныс министрлігіне қарайды.
ERNUR.KZ. Жетісу облысында оқушыны жүкті қылған жігіт 74261 әскери бөлімнің қызметкері болып шықты, деп жазады stan.kz.
Белгілі болғандай, екеуі әлеуметтік желі арқылы танысып, бірнеше рет кездесіп жүрген. Аяғы ауыр болып қалған қыз Панфилов ауданына қарасты Лесновка ауылындағы орта мектептің оқушысы болып шықты. Ал шекаралық аймақтағы әскери бөлім Қорғаныс министрлігіне қарайды.
Аудан әкімдігінің ақпаратынша, шекаралық аймақтың қауіпсіздігіне жауапты әскери бөлім биыл ғана ашылған.
"Оқушы 2008 жылы туған. Ал қамауға алынған әскери қызметкер 1999 жылы туған, отбасылы, бір баланың әкесі. Оқушы қызбен әлеуметтік желі арқылы танысып, бұған дейін де кездесіп жүрген. Әскери қызметкер қазір қамауда, істі Сарыөзек әскери гарнизонының әскери полициясы тергеп жатыр",- деді Жетісу облысы Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Министрліктің хабарлауынша, Қарулы күштердің қатарынан босатылған.
“Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен тергеу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды. Айта кету керек, күдікті бұған дейін теріс қылықтары үшін ҚР Қарулы күштерінің қатарынан шығарылды”, – делінген ақпаратта.