5000 шақырым жолда орташа жөндеу жүргізілді.
ERNUR.KZ. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бБасқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ брифингінде атап өткендей, қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 3 100 шақырым, ал күрделі жөндеумен 600 шақырым жол қамтылды. 5000 шақырым жолда орташа жөндеу жүргізілді. Мәселен, 2024 жылы жол-құрылыс маусымында 9100 арнайы техника, 91 асфальтбетон зауыты, 83 ұсақтап іріктеу құрылғылары жұмылдырылып, 1 млн 280 мың тонна битум жұмсалды.
«2024 жылы қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 3100 шақырым жол қамтылды, оның 2000 жуық шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, қозғалыс берілді. Нақтырақ атап өтсем, олар – «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астрахан), «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Талдықорған-Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қайта жаңарту жұмыстары. 885 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш-Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, толықтай қозғалыс берілді. Қарағандыдан Алматы қаласына дейін бірінші техникалық санаттағы жол салынып, төрт жолақты қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді. Жоба аясында 33 көпір, 48 өтпежол, 700 су өткізгіш құбыр салынды», – деді спикер.
«Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астрахан)» автожолының 272 шақырымы қайта жаңартылып, жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. Құрылыс жұмыстары барысында 6 көпір, 1 өтпежол, 60 су өткізгіш құбыры мен 10 демалыс алаңдары салынып, 650 жарық тірегі орнатылды. «Ақтөбе-Қандыағаш» республикалық автожолын қайта жаңарту жұмыстары аясында жол бірінші және екінші техникалық санатқа ауыстырылып, төрт жолақты қозғалыс қамтамасыз етілді. 96 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолын қайта жаңартуға 691 мың тонна асфальтбетон қоспасы жұмсалып, 10 көпір, 5 өтпежол және 3 жол айрығы салынып, 8 демалыс алаңы мен 18 аялдама аббаттандырылды.
«Талдықорған-Өскемен» автожолын қайта жаңарту жұмыстары аясында жол бірінші және екінші техникалық санатқа ауыстырылып, Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасында көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Жоба аясында 768 шақырым жол қайта жаңартылып, 30 көпір, 47 жолөтпе, 6 көлік жол айрығы мен 526 су өткізгіш құбыр салынды.
Бұдан бөлек, «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қызылорда облысы бойынша 191 шақырым жолдың 150 шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, қозғалыс берілді. Қалған жұмыстар келесі жылы аяқталатын болады. Сондай-ақ «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жол учаскесінің ұзындығы 415 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні 190 шақырымда қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон жабыны төселді. 2025 жылы осы учаскеде жол қозғалысын толықтай ашу жоспарда бар. Осы аталған қайта жаңарту жобаларының құрылысына 21 млн тонна асфальтбетон қоспасы жұмсалды. 5 мың бірлік арнайы техника мен 7 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылып, 51 асфальтбетон зауыты мен 53 ұсақтап іріктейтін қондырғылар жұмыс істеді.
«2024 жылы күрделі жөндеуден республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың 29 нысаны өтті. Олардың жалпы ұзындығы 600 шақырымды құрайды. Жылдың соңына дейін 162 шақырым жолды немесе 6 нысанды тапсырамыз. Қалған жобалар өтпелі, келесі жылы жалғасатын болады. Орташа жөндеумен республикалық автожолдардың 217 нысаны қамтылды. Олардың жалпы ұзындығы 5023 шақырым, оның 32 нысаны өтпелі және 185-і жаңа нысандар. Биыл орташа жөндеу жұмыстары аясында 1217 шақырым жолды немесе 68 нысанды аяқтап, қолданысқа бердік. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 1143 мың шаршы метр қамтылды», – деді компанияның басқарма төрағасы.