Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүлік иелері бірлестігі институтын енгізуге бағытталған реформа соңына дейін жеткізілмегенін сынға алған еді.
ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мүлік иелері бірлестігі қызметіне қатысты заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгерістер жайында айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгін біз мүлік иелері бірлестігі тиісті деңгейде жұмыс істемей отырғанын көріп отырмыз. Тұрғындар арасында келіспейтін жағдайлар бар. Біз мұны жиі естиміз. Мүлік иелері бірлестігіне басшылыққа келгендер арасында да өз қызметін адал атқармайтындар кездеседі. Сондықтан бұл сала бойынша ел Президентінің тапсырмасы бар. Менің ойымша, алдағы кезеңде біз жалпы мүлік иелері бірлестігі туралы заң жобасына қайта ораламыз. Осы орайда кейбір мәселеге қатысты өзгертулер болуы мүмкін. Атап айтқанда, өзгеріс енгізетін қадамдарды халықпен, тұрғындармен, қоғам белсенділерімен ақылдасу керек. Сондықтан тиімді болатындай тұрғын үйлерді басқарудың қандай да бір түрін қабылдау керек», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл ретте ол өзгерістер қашан енгізілуі мүмкін екенін айтты.
«Жыл ішінде ұсыныстар пысықталады. Биылдың соңына дейін заң қабылдануы керек», - деді Сенат төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүлік иелері бірлестігі институтын енгізуге бағытталған реформа соңына дейін жеткізілмегенін сынға алған еді.