Кейін оны бюджетке қайтарды.
Фото: Azattyq Rýhy
ERNUR.KZ Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында мемлекеттік қызметкер заңсыз сыйақы алып, кейін оны бюджетке қайтарды, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Дисциплинарлық кеңес Архитектура, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиевтің заңсыз әрекетін қарастырды. Ол 2024 жылдың желтоқсанында Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл қарсаңында өзіне 766 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындаған», — делінген хабарламада.
Прокурор Жандос Қуанышбековтің айтуынша, шенеунік бұған құқығы болмаған, себебі оған «атқаратын қызметіне толық сай емес» деген тәртіптік жаза қолданылған.
«Қызметтік тергеу барысында заң бұзушылық расталды, ал Манарбек Әдиев өз кінәсін мойындады. Ол «абайсызда ұмытып кеткенін» айтып, ақталды. Дегенмен, заңсыз алынған сыйақыны толығымен бюджетке қайтарды», — делінген материалда.
Этика жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов Әдиевтің бұл әрекетін өрескел заңбұзушылық деп бағалап, оны мемлекеттік қызметтен босатуды ұсынды. Енді оның тағдырын Жәнібек ауданының әкімі шешеді.