БҰҰ Қазақстандағы Өңірлік экологиялық саммитті ұйымдастыруға белсенді қолдау көрсетуде

0
65

БҰҰ Өңірлік экологиялық саммитке дайындыққа белсенді сараптамалық қолдау көрсетуде.


БҰҰ Қазақстандағы Өңірлік экологиялық саммитті ұйымдастыруға белсенді қолдау көрсетуде

ERNUR.KZ. Жұмысты үйлестіру мақсатында былтыр БҰҰ жанынан жұмыс тобы құрылды. Ұйым Қазақстан Үкіметімен жаңа бесжылдық ынтымақтастық бағдарламасы аясында, оның ішінде «Орнықты қоршаған орта» бағыты бойынша экологиялық күн тәртібін одан әрі қолдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча мәлімдеді.

Оның айтуынша, Саммит аясында БҰҰ-ның 17 агенттігі 23 сессияның тең ұйымдастырушысы болады, оның ішінде 9 жоғары деңгейдегі және 14 тақырыптық сессия бар. Негізгі назар климат, су ресурстары, биоалуантүрлілік, денсаулық сақтау, гендерлік теңдік, жастар, орнықты қалалар және жасыл экономика мәселелеріне аударылады.

Саранго Раднарагчаның айтуынша, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Саммиттегі өз өкілі ретінде экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Бас хатшының орынбасары Ли Цзюньхуаны тағайындады. Сондай-ақ БҰҰ-ның бірқатар құрылымы мен мамандандырылған мекемелерінің басшылары қатысатындарын растады, олардың қатарында Апаттар тәуекелін азайту жөніндегі басқарма, ДДҰ, ЮНЕП, БҰҰ ЕЭК, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым, Халықаралық электр байланысы одағы және БҰҰДБ бар.

«БҰҰ үшін биыл Өңірлік экологиялық саммитке дайындыққа қатысу – үлкен мәртебе. Қазақстан бұл алаңды әріптестік диалогы мен практикалық шешімдер үшін маңызды платформа ретінде қолданбақ. Экологиялық сын-қатерлер барған сайын күрделеніп, өзара байланысты бола түскен жағдайда мұндай саммиттің өткізілуі өзекті», – деді Саранго Раднарагча.

Спикердің айтуынша, экологиялық күн тәртібі 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарын іске асыруда жетекші орын алады, өйткені қоршаған ортаның жай-күйі адамдардың денсаулығына, су және азық-түлік қауіпсіздігіне, қалалардың орнықтылығына және ұзақ мерзімді даму перспективаларына тікелей әсер етеді.

«Орталық Азия үшін бұл ерекше маңызға ие. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның деректеріне сәйкес, Азияда жылыну қарқыны шамамен екі есе жоғары. Ал, Орталық Азия елдері бұл үрдістің салдарын қазірдің өзінде сезінуде. Өңір елдерін ортақ экологиялық шындық біріктіреді – трансшекаралық су ресурстары, климаттық тәуекелдерге жоғары осалдық, экожүйелерге түсетін қысымның артуы және экономика мен инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі», – деп атап өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі.

Сондай-ақ ол БҰҰ алдағы саммитті үш негізгі бағытты күшейту мүмкіндігі ретінде қарастыратынын түсіндірді. Біріншіден, саяси серпінді күшейту. Саммит мемлекеттерге, халықаралық даму серіктестеріне, азаматтық қоғамға, ғылыми қауымдастыққа, қаржы институттарына және бизнеске ортақ басымдықтарды айқындап, іс-қимылды үйлестіруді күшейтуге мүмкіндік беретін алаңға айналуы мүмкін.

Екіншіден, практикалық шешімдерге басымдық беру. Бүгінде экологиялық мәселелерді тек талқылау жеткіліксіз – нақты қадамдарға көшу қажет: орнықты жобаларды әзірлеу, климаттық қаржыландыруды кеңейту, жасыл технологияларды енгізу және мониторинг жүйелерін дамыту.

Үшіншіден, үдерістердің инклюзивтілігін қамтамасыз ету. Орнықты шешімдер барлық тараптың – мемлекеттік органдар, жергілікті қауымдастықтар, жастар, академиялық сектор, бизнес, азаматтық қоғам және халықаралық серіктестердің кең қатысуынсыз мүмкін емес.