Елімізді газдандыру 2035 жылға дейінгі бекітілген Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасы аясында жүзеге асырылуда.
ERNUR.KZ. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрады немесе 12,6 млн адам табиғи газға қол жеткізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 354 мыңнан астам адам немесе 94 елді мекен табиғи газға қол жеткізді. 2 000 шақырмнан астам газ құбыры салынды, 82 газбен жабдықтау жобасының құрылысы аяқталды. Бұны ҚР энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтарда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті немесе 20,5 млн адамның 13,1 млн адамы табиғи газға қол жеткізді.
«Республиканың барлық батыс өңірлерінде, Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында газдандыру деңгейі 90%-дан асады. Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстары және Жетісу облысында газдандыру деңгейі 60%-дан 90%-ға дейінгі аралықты құрайды. Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында газдандыру 60%-дан төмен деңгейді құрайды. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген 27,3 млрд теңгені ескере отырып, газдандыру деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу немесе 32 мың адам табиғи газға қол жеткізу жоспарлануда», – деді спикер.
2025 жылдың қорытындысы бойынша тауарлық газ тұтыну көлемі 21,3 млрд текше метрді құрады. Ағымдағы жылға арналған тұтыну болжамы – 22,3 млрд текше метр.


