Депутат балалы болған жас отбасыларға жәрдемақы беруді ұсынды

0
126

Депутат жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажеттігін айтты.


Депутат балалы болған жас отбасыларға жәрдемақы беруді ұсынды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Үкіметке сауал жолдап, үйленген жастарға қолдау көрсетуді ұсынды, деп жазады baq.kz.

Депутат жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажеттігін айтты.

Бағдарлама аясында некеге енді отырған жастарға алғашқы жылдары тұрғын үй алу, балалы болу, тұңғыштарын балабақшаға тегін орналастыру және тұрақты жұмысқа орналасу бойынша кешенді мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуы тиіс. Атап айтқанда, ипотекалық жеңілдіктер, алғашқы баланың дүниеге келуіне байланысты арнайы жәрдемақылар, сондай-ақ салықтық демалыс сияқты жеңілдіктер көзделуі қажет. Бұл шаралар жас отбасылардың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, ажырасу қаупін азайтуға септігін тигізеді, - деп санайды Назаров.

Сондай-ақ ол үйлену тойларын өткізу кезінде несие рәсімдеуге жол бермеу жөнінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу қажеттігін де атап өтті.

Қазіргі қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға бату, банктік несиелер алу жағдайлары жиі кездесуде. Бір сәттік салтанат үшін бірнеше жыл несие төлеу жас отбасының берекесін кетіріп, экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Осыған байланысты, Үкіметке жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамау жөнінде жалпыхалықтық ақпараттық-идеологиялық қозғалыс бастауды ұсынамын, - деп айтты Мәжіліс депутаты.