Досаев теңгенің қазіргі жағдайы туралы айтты

0
600

​Ұлттық валютаның әлсіреуіне ықпал еткен факторлардың бірі – әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі.


Досаев теңгенің қазіргі жағдайы туралы айтты

ERNUR.KZ. Қазақстанның ұлттық валютасы қыркүйекте бір доллар үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін әлсіреген. Ал қазанның басынан бері біртіндеп нығайып келеді. Бұл туралы ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, қыркүйекте теңгенің айырбас бағамы сыртқы факторлардың қысымында болды.
Ұлттық валютаның әлсіреуіне ықпал еткен факторлардың бірі – әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі.


"Қыркүйекте жекелеген елдерде коронавирустың қайта өршіді. Салдарынан жаһандық экономиканы қалпына келтірудің баяулау тәуекелдері өсіп, мұнайға сұраныстың әлсіреуіне байланысты мұнай шамамен 10%-ке арзандады. Мұнай бағасы ОПЕК+ өндіру көлемін шектеуі, Сауд Арабиясының мұнай бағасын төмендетуі және Ливиядағы мұнай өндіруді қалпына келтіру қысымында болды. Әлемдік экономиканың қалпына келуі мұнайдың қазіргі өндіру көлемін сақтай отырып, мұнай қорларының қайта өсуіне алып келуі мүмкін", - деді Досаев үкімет отырысында.


Бұдан бөлек, өткен айда дамушы елдердің валюталары коронавирусты жұқтырғандар санының қайта өсуі аясында әлсіреді. Бұл, айтуынша, инвесторлардың тәуекелі бар активтерге деген қызығушылығының төмендеуіне және АҚШ доллары бағамының нығаюына әкелді.

Ұлттық банктің мәліметінше, түрік лирасы бір айда 5,2%-ке, Ресей рублі – 4,9%-ке, Аргентина песосы – 2,7%-ке әлсіреді. Жалпы алғанда, қыркүйекте дамушы елдер валюталарының индексі 0,4% қана қосты.

"Дамушы елдер валюталарының жалпы динамикасы аясында қазақстандық теңге бір айда АҚШ доллары үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін, яғни 2,8%-ке әлсіреді", - деді банк төрағасы.

Республикалық бюджеттегі кепілдік берілген трансфертті бөлу аясында Ұлттық қор активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сатуы жөніндегі шаралар теңгенің айтарлықтай құнсыздануын шектеді.

Досаевтың айтуынша, қазан айының басынан бері теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы біртіндеп нығайып келеді.

12 қазанда мұнай бағасының бірқалыпты өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 427,83 теңгеге дейін, 1%-ке нығайды.