Гиннес рекордтар кітабын дүниежүзінде жүздеген елдің азаматтары оқиды.
ERNUR.KZ. EXPO 2020 DUBAI көрмесіндегі Қазақстан павильоны «Әлем бейнесі» арт-жобасымен Гиннес рекордтар кітабына енді, деп жазады Zakon.kz.
Бұл туралы «Әлем бейнесі» жобасына бастамашы болған қазақстандық DPARTNERS компаниясының продюсері Дана Орманбаева Instagram-дағы парақшасында хабарлады. Сонымен қатар продюсер Гиннес рекордтар кітабына енгені туралы сертификатты табыстау рәсімін парақшасынан тікелей эфирде көрсетті. Сертификат Қазақстан павильонының сахнасында табысталды.
Құрметті достар! Біз өте қуаныштымыз. Барлығыңызға жылы пікір мен құттықтауыңыз, тілегіңіз үшін алғыс айтамыз. Кейінірек егжей-тегжейлі жазып, әлемдік БАҚ-тан мақалалар жариялаймыз.Продюсер Дана Орманбаева
Сонымен қатар «Әлем бейнесі» жобасы бастамашысы қазақстандық картинада дүниежүзінің 193 елінен келген 1900 адам өз қолтаңбасын қалдырғанын хабарлады.
260 адам бір уақытта қылқаламды бір-біріне берді. Дәл осы жобамыз Гиннес рекордына айналды. Бүгін біз әлемнің көрнекті басылымдарына сұхбат бердік.Дана Орманбаева
«Әлем бейнесі» арт-жобасында қылқалам мен бояудың көмегімен дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген әр адам өз қолтаңбасын қалдыра алады. Жобаның маңызды ерекшелігі де — сол. «Әлем бейнесі» жобасы Жер планетасының кенептегі бейнесі тәрізді жасалған. Оның негізгі идеясы EXPO-2020 Dubai көрмесінің «Ақыл-оймен болашақты қалыптастыру» тақырыбымен үндеседі. Картинаны жасаудағы мақсат — ғаламшарымызда өмір сүретін адамдарды павильон аумағында бір өнер туындысы арқылы біріктіру.
Айта кетейік, Гиннес рекордтар кітабын дүниежүзінде жүздеген елдің азаматтары оқиды.