Сот-медициналық сарапшылары өлімнен 1-3 күн бұрын қыздың денесінің қатты затқа ұрылып, көгергенін анықтаған.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті бір жасар қыздың патологанатомиялық зерттеуінің қорытындысын жариялады, деп жазады sputniknews.kz.
Сот-медициналық сарапшылар баланың өлімі екпемен байланысты емес деген қорытынды шығарған.
"Көкшетаудағы бала өліміне тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болды деген қорытынды жасалып отыр. Бұл ауру екі жақты тінаралық серозды-десквамативті өкпе қабынуының салдарынан болған", - деп жазылған қорытындыда.
Мамандардың айтуынша, мұндай сырқат ұзақ уақыт бойы біртіндеп асқынады. Яғни тінаралық пневмония - созылмалы өкпе қабынуы. Негізінен, ол ұзақ уақыт бойы ағзаға әсер ететін никотин салдарынан болады.
Ведомстводағылар бала ұзақ уақыт бойы темекі шегетін бөлмеде болып, оның түтінін жұтқан деп отыр.
Сондай-ақ сот-медициналық сарапшылар өлімнен 1-3 күн бұрын қыздың денесінің қатты затқа ұрылып, көгергенін анықтаған.
Қазір комитеттің аумақтық департаменті сот-медициналық сараптама қорытындысын тәуелсіз сарапшыға тапсырды. Тексерістен соң, сараптама материалдары Көкшетау қаласының полиция басқармасына жіберіледі.