Жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
ERNUR.KZ. "Жолаушылар тасымалы" АҚ әйелдерге арналған вагондар санын арттыру туралы шешім қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.
"Ұлттық тасымалдаушы халықтың сұранысын ескере отырып, 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап әйел вагондары бар пойыздар санын көбейту туралы шешім қабылдады", - деп жазылған компания таратқан хабарлама.
Жоба пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Жаңа шешімге сәйсек, енді әйелдерге арналған пойыздар саны алтыға артады:
1) № 45/46 "Павлодар-Шымкент";
2) № 85/86 "Нұр-Сұлтан-1-Шымкент";
3) № 37/38 "Маңғыстау-Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Семей";
4) № 47/48 "Нұр-Сұлтан - Нұрлы жол-Атырау";
5) № 379/380 "Алматы-2-Орал";
6) № 73/74 "Алматы-2-Жезқазған" жолаушылар пойызы.
Жолаушылар сайттарда және кассаларда әйелдерге арналған вагондарға билет ресімдеген кезде мұқият болып, шартты белгілерге назар аударуы тиіс.
"Олар әйелдерге арналған вагондарда 7 жасқа дейінгі ұл баланы ресімдей алады. Жол жүру барысында сұрақтар туындаған кезде жолаушылар өз вагонының жолсерігіне немесе пойыз басшысына жүгінуге мүмкіндігі бар", - деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге салайық, 2021 жылы қазанда "Жолаушылар тасымалы" АҚ сервис деңгейін арттыру үшін №77/78 "Алматы – Маңғыстау" және №351/352 "Алматы-1 – Өскемен"жолаушылар пойыздарында әйелдерге арналған вагондар қызметін іске қосқан еді. 2021 жылғы 10 қазан – 31 желтоқсан аралығында бұл қызметті 13 243 әйел жолаушы пайдаланған.