Елімізде екпе салынбаған балалардың ем-домын ақылы ету ұсынылды

0
1 155

Екпеден бас тартқан ата-аналарды жазаламау үшін, басқа норманы қарастыру көзделіп отыр.


Елімізде екпе салынбаған балалардың ем-домын ақылы ету ұсынылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда екпе салынбаған балаларды емдеуді ақылы ету ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова бүгінгі таңда аталған ұсыныстың талқыланып жатқанын айтты, деп жазады Stan.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Людмила Бюрабекова екпеден бас тартқан ата-аналарды жазаламау үшін, басқа норманы қарастыру көзделіп отырғанын айтты. Егер бала ата-анасы екпе салдырмаған аурумен ауырып қалса, оның емі ақылы болады, дейді ол.

Комитет төрайымы бүгінгі таңда аталған ұсыныстың талқыланып жатқанын айтты.

Ал еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ұсыныстардың министрлік қана емес, ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардан да түсіп жатқанын жеткізді.

«Бұл тек кодекстің жобасы. Соңғы сөзді депутаттар айтады. Осындай ұсынысты қарастырып жатырмыз. Тек министрліктен емес, ата-аналардың өзінен, қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар түсуде. Біз оларды реттеп, қарастыруға енгізіп жатырмыз», - бас санитар дәрігер.

Айта кетсек, бұған дейін Жандарбек Бекшин елімізде екпе салынбаған балаларды балабақша мен мектепке қабылдамауы мүмкін екенін айтқан еді. Өз сөзінде Бекшин вакцинацияға қатысты жаңа ережелер биылғы жылдың желтоқсан айына дейін енгізілетінін атап өтті. Айтуынша, заң жобасында екпе салынбаған балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымы, мектепке баруына тыйым салу туралы ұсыныс бар. Сондай-ақ, ол балалардың вакцинацияға деген құқығын бұзған ата-аналарға айыппұл салу туралы да ұсынылып отырғанын жеткізді.