Елімізде маңызы бар жол бойына намазхана мен душы бар кешендер салына бастады

0
592

Шағын-маркет пен жылдам тамақтану орны, тіптен, намаз оқитын бөлме де қарастырылған.


Елімізде маңызы бар жол бойына намазхана мен душы бар кешендер салына бастады

ERNUR.KZ. Ұзақ жолға шығатын жолаушылар үшін қуанышты жаңалық. Енді республикалық маңызы бар автожолдарда халыққа ыңғайлы, комфорт кешендер салынады, деп жазады baq.kz.

Мұндай кешеннің алғашқысы «Алматы-Өскемен» тас жолының 20-шақырымында бой көтерді. Ол жерде жүргізушілер көліктеріне жанармай құйып қана қоймай, тамақтанып, жуына алады.

Шағын-маркет пен жылдам тамақтану орны, тіптен, намаз оқитын бөлме де қарастырылған.

Бір сөзбен айтқанда ұзақ жол жүріп бара жатқан адам үшін барлық комфорт жасалған.

«PETROLEUM DEVELOPMENT COMPANY» ЖШС-і елімізде осындай 35 кешен салуды жоспарлап отыр.

Аталған компанияның жол бойында сервистерді салу жобасының басшысы Дәулет Сиранов қазір жолаушылар тынығып демалатын әрі қажетті заттар алуына арналған осындай кешенге сұраныс туындап отырғанын айтады.

«ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірігіп еліміздің республикалық маңызы бар жолдары бойында 35 кешен салуды көздеп отырмыз. Оның құрылысын жүргізу бойынша меморандум жасалды. Қазір әлемдік стандартқа сай келетін осындай кешендер тұрғызатын уақыт жетті. Бұл біз салған алғашқы кешен. Қазір Ақмола, Жамбыл, Алматы облыстарында дәл осындай нысанды салу жұмысы жүріп жатыр, - дейді ол.
«Алматы-Өскемен» тас жолы бойындағы Үшарал қаласы маңында дәл осындай тағы бір кешен салу бекітілген. Болашақта тағы 3-4 кешен салынады деп жоспарланып отыр.

Аталған кешен 2 гектар аумақты алып жатыр, бір сәтте ұзақ жолға шыққан 40-қа жуық жүк көлігін қабылдай алады. Кешенде сондай-ақ электрокаттарды қуаттайтын құрылғы да қойылған.

Жалпы Алматы облысында автожол бойында 264 сервис бар екен, оның 193-і ғана стандарт талаптарына сай. 2021 жылы облыс көлемінде осындай 4 кешен салынған. Олар «Алматы-Шелек-Қорғас» жолының 125-шақырымында, жолдың екі жағында 2 сервис, «Алматы-Көкпек-Шонжы-Көктал-Қорғас» тас жолының 131 және 165-шақырымында салынған.