Елімізде оқушылардың білімі төмендеген

0
815

​Қазақстанда білім саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Бюджет шығысы жыл сайын өсіп жатыр: 2021 жылы бұл салаға 3,7 трлн теңге бөлінген немесе мемлекеттік бюджет шығысының жалпы сомасының – 20,5%, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,2% көп.


Елімізде оқушылардың білімі төмендеген

ERNUR.KZ. Осыған қарамастан елдегі білім сапасы төмен деңдейде, деп жазады inbusiness.kz.

Жалпы 10 жылда білімге 20 трлн теңге бөлінген, ал осы кезеңдегі орташа жылдық өсім қарқыны – 15%. 2015 жылы Қазақстанда БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу бойынша өзіне міндеттеме алды. Оның ішінде №4 мақсат әділ сапалы білім беруді қамтамасыз етуді және әрбір адам үшін өмір бойы оқу мүмкіндігін беруді көздейді.

Алайда мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінсе де, салаға жауапты министрліктің тұрақты мәлімдемесіне, секторда жүйелі шаралар мен мемлекеттік бағдарламалар кешенін іске асыруға қарамастан, елдегі білім беру сапасы төмен деңгейде қалып отыр. 2018 жылғы PISA зерттеуіне сәйкес, қазақстандық оқушылардың үлгерімі 2012 жылмен салыстырғанда төмендеген. Сондай-ақ орташа балл ЭЫДҰ-ның орташа деңгейінен 100 баллға төмен (бұл шамамен мектепте 2,5 жыл оқумен тең).

Қазақстанның оқу бойынша орташа балы – 387, ал ЭЫДҰ-да – 487 балл, математикалық сауаттылық бойынша елде – 423 балл, ЭЫДҰ-да – 489 балл, жаратылыстану ғылымдары бойынша елде – 397 балл, ЭЫДҰ-да – 489 балл. PISA шеңберінде тест тапсырған оқушылардың үштен екісінің нәтижесі олардың функционалдық сауаттылығы төмен екенін көрсеткен.

Осылайша, елдегі оқушылардың үштен екісі функционалды сауатсыз болып саналады, бұл – өте өзекті мәселе. Коронавирус пандемиясына байланысты оқушылар қашықтан оқуға мәжбүр болды. Карантин шектеулері Орта Азия, ЕАЭО елдері, Еуропадағы білім беру ұйымдарымен салыстырғанда елдегі мектептердің жұмысына айтарлықтай әсер етті.

Мысалы, Қазақстандағы мектептер 2020 жылғы ақпан мен 2021 жылғы шілде аралығында рекордтық 11 ай, 3 аптаға жабылды. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша СOVID-19 пандемиясынан кейін оқушылардың білім көрсеткіші нашарлай түседі, бұл елдегі үлгерім деңгейінің төмендеуін күшейтеді.

PISA есебінде қаржыландыру деңгейін ескерсек, Қазақстанның білім көрсеткіші күтілген нәтижеден төмен екені көрсетілген. Мысалы, Молдова, Румыния, Украина сияқты елдерде білім беру шығындары төмен, бірақ оның сапасы әлдеқайда жоғары. Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігінің шаралары мен жұмыстарын іске асыру тиімділігінің төмен екенін көрсетеді.

Елде білім беру саласында көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Өкінішке қарай, олар саладағы жағдайды жақсартқан жоқ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың басшылығымен төмендегі бағдарламалар жүзеге асырылды: - Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

- Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

- Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

- Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған "Балапан" бағдарламасы;

- Өмір бойы оқыту тұжырымдамасы (үздіксіз білім беру);

- Қазақстандағы білім беру сапасының төмендегенін Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеуде растап отыр.

2021 жылы Қазақстанда білім беру саласындағы қызметтердің сапасына көңілі толатындардың саны айтарлықтай төмендеген. Білім берудің барлық саласы (мектепке дейінгі, жалпы орта, орта кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі) бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасына толық қанағаттанған респонденттердің үлесі төмендеді, ал қанағаттанбағандардың үлесі өскен.