Елімізде сиырдың мәрмәр етін өндіретін кәсіпорын ашылды

0
2 168

KazBeef Group – сиырдың мәрмәр етін өндіретін Қазақстан аумағындағы жалғыз кәсіпорын.


Елімізде сиырдың мәрмәр етін өндіретін кәсіпорын ашылды

ERNUR.KZ. Ақмола облысы, Щучинск қаласында KazBeef Group компаниясының саладағы ең ірі ет өңдеуші кешенінің ресми ашылуы өтті, деп жазады baq.kz.

KazBeef Group – қазіргі кезде жемді өсіруден бастап, өнімді қаптауға дейінгі бүкіл толық өндіріс циклін америкалық технология бойынша ұйымдастырып, сиырдың мәрмәр етін өндіретін Қазақстан аумағындағы жалғыз кәсіпорын.

«Бұл – біз үшін маңызды сәт. Бұл зауыт халал тұрғыдан алып қарағанда да, халықаралық стандартқа сайлығы тұрғысынан алып қарағанда да сертификатталған және заманауи технологияларға негізделіп жұмыс істейді. Заманауи технологиямен жұмыс істеу деген – табиғатқа зиян келтірмей, топырақ сапасын сақтап қаласың деген сөз. Жердің сапасын сақтап қалсаң, жүз есе, мың есе игілігін көресің. Біздің мақсат – ет өндіруде Еуразия бойынша көшбасшылардың бірі болу. Бүгін бізге АҚШ-тың Небраска штатындағы Valmont компаниясының басшысы келіп отыр. Бұл компания 10 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Біз қазақ агроиндустриясын алдыңғы қатарға шығаруды мақсат тұтамыз. Бұл үшін бізде айтарлықтай әлеует бар», - дейді Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев.

Ет өңдеуші кешен қайта құрылғалы бері жылына өндірілетін өнім көлемі 2 000 тоннадан 6 000 тоннаға дейін ұлғайтылған. Етті сүйектен айыру және қаптау желісіне арналған жаңа жабдық сатып алынып, маусым айында бөлшектеп бөлінген Skin Pack өндірісі іске қосылған. Сондай-ақ, еттің мәрмәрлық градациясын анықтауға арналған арнайы жабдық сатып алынып, етті сүйектен айыратын екінші желі орнатылған және бір уақытта 1000 тоннаға дейін өнімді сақтай алатын дистрибьюторлық орталық.

«Бұл компания ет өндіру бойынша өңірде ғана емес, Қазақстан бойынша ірі компания. Еркін, біз сіздерге сенеміз, қолдарыңыздан бәрі келеді. Облыс әкімі атынан жобаны қолға алушыларды, кәсіпорын ұжымын және осында келген қонақтарды құттықтап, еңбектеріңіздің жемісін көруді тілеймін», - деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Кенжешұлы.

Компания меншігінде Ақмола облысындағы 120 мың гектар жайылым жер бар, онда асыл тұқымды репродукторда ұсталатын ангус және герефорд тұқымдарының 5 мыңнан аса мал басы бағылады. Сонымен қатар, компания Зеренді ауданында қосымша 5 000 ірі қара мал басын жеммен бордақылайды. Биыл шілде айының соңында жаңа бордақылаушы алаңды іске қосу арқасында бір уақытта ұсталатын ірі қара мал басы 1 500-ге дейін жеткізілмек. Бұл ішкі нарықты жыл сайын отандық өндірісте өндірілген сапалы сиырдың мәрмәр етінің 6 000-нан аса тоннасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

«Біріншіден, KazBeef Group және Kusto Group компанияларына алғыс білдіргім келеді. Біз үшін бұл шараға қатысу үлкен мәртебе. KazBeef Group – Қазақстанның агроиндустрия саласының бет келбеті. Бұл компаниялармен жұмыс істеу біз үшін қуаныш. Бұл компаниялар болмағанда біз Қазақстанда бизнеспен айналыспас едік. Біздің өз экожүйеміз бар. Біздің жүйе жем өсіруге жауап береді. Бұл өнім осы комбинатта өндіріледі және KazBeef Group компаниясына өнімді барлық аймақта сатуға мүмкіндік береді. Мен компанияның ұжымын құттықтаймын!», - деді Valmont компаниясының президенті Стефан Каниивский.

Мамандар ет қалай сақталып, тиісті жерге қалай жөнелтілетінін көрсетті және бастаған іске береке тілеп, құрбандық шалынды.

«Бұл біз үшін маңызды сәт. Алдымен Kusto Group компаниясына алғыс айтқым келеді. Олардың бізге қолдау көрсетуі нәтижесінде заманауи технологияға қол жеткіздік. Бұл зауыт халықаралық стандартқа сай жұмыс істейді. Біздің негізгі мақсат – тұтынушыларға сапалы, қауіпсіз өнім ұсыну. Соңғы жылда осындай нәтижеге қол жеткізу үшін тынбай еңбек еткен ұжымыма рақмет айтқым келеді», - дейді KazBeef Group компаниясының бас директоры Бейбіт Ерубаев.