Елімізде тұрғындардың тыныштығын бұзу фактісі үшін жаза күшейтілді

0
996

тыныштықты бұзу жағдайында жауапкершілікті күшейту қадамдары 437-бапта ескерілген.


Елімізде тұрғындардың тыныштығын бұзу фактісі үшін жаза күшейтілді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында тұрғындардың тыныштығына кедергi келтiргендер үшін айыппұл сомасы артты, деп жазады ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, тыныштықты бұзу жағдайында жауапкершілікті күшейту қадамдары 437-бапта ескерілген. Яғни жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзуге байланысты тиісті жазаны қарастырып отыр.

«...437-бапта: бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын: «жеке тұлғаларға – бес, шағын кəсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кəсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кəсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді», - делінген Мемлекет басшысы қол қойған Заңда.

Сонымен қатар, екінші бөліктің екінші абзацы да жаңа редакцияда (Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет) жазылған.

«Жеке тұлғаларға – он, шағын кəсіпкерлік субъек тілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кəсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, ірі кəсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді», - деп атап өтілген Заң мәтінінде.

Осылайша, тыныштық бұзғаны үшін, оның ішінде қайталанып жасалған әрекетке жеке тұлғаларға айыппұл сомасы өзгермеген, ал кәсіпкерлік субъектілеріне шамамен екі есеге артқан.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске өзгерістер енгізілді.