2025 жылғы 13-20 шілде аралығында талапкерлерден білім беру гранттары конкурсына, сондай-ақ ақылы негізде оқуға өтініштер қабылданады.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына еліміздің жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталғанын мәлімдеп, шекті баллдарды жариялады, деп жазады stan.kz.
2025 жылғы 13-20 шілде аралығында талапкерлерден білім беру гранттары конкурсына, сондай-ақ ақылы негізде оқуға өтініштер қабылданады. Министрлік өкілдері құжаттарды egov.kz порталы арқылы онлайн немесе университеттер жанындағы қабылдау орталықтары арқылы тапсыруға болатынын ескертті.
Білім беру гранттары конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі мынандай баллдар белгіленген:
- "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
- "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
- Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- Басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл;
- Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне түсу үшін – кемінде 50 балл.
"Жоғары оқу орындары білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға қабылдау үшін өз шекті баллдарын өздері белгілеуге құқылы", – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, "Цифрлық университет" қағидатын іске асыру аясында үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылған, бұл конкурстық іріктеудің ашықтығын арттырады.
"Цифрлық экономикаға кадрлар даярлау аясында сұранысқа ие техникалық және IT бағыттар бойынша қосымша гранттар бөлінді. Ауыл мектептерінің түлектері үшін квоталар қарастырылған. Әлеуметтік осал топтарға жататын талапкерлерді қолдау мемлекет пен мақсатты гранттар шеңберіндегі квоталар арқылы іске асырылады", – делінген хабарламада.
Министрлік талапкерлерді электрондық сервистерді белсенді пайдалануға, сондай-ақ қабылдау ережелерімен, қажетті құжаттар тізімімен және құжат тапсыру мерзімдерімен мұқият танысуға шақырады.
Толығырақ ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайттарынан білуге болады.