Ер адам ұйықтап жатқан ұлын көлікте қалдырып, өзі дүкенге шығып кеткен.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында дүкенге келген ер адам 2 жасар баласын жоғалтып алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Мәлім болғандай, ер адам ұйықтап жатқан ұлын көлікте қалдырып, өзі дүкенге шығып кеткен. Қайтып келгенде сәбиін таппай қалған. 10 минуттай өзі іздеген. Таппағаннан кейін қалада қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің көмегіне жүгінген.
«Әскери наряд басшысы Нұрсұлтан Құрашов патрульдер Ералы Қосымбай мен Бейбарыс Қайырлиевпен бірлесіп, баланың жоғалу фактісі туралы әскери нарядтар бойынша кезекшіге дереу хабарлаған. Әскерилер кішкентай Қайсарды іздеу жұмысына кірісті. Нәтижесінде 10 минуттан кейін шағын маркеттің маңынан жалғыз өзі жылап тұрған баланы тапты», - делінген баспасөз хабарламасында.