Елорда маңында шыққан өртті сөндіруге тікұшақ жұмылдырылған.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында Талдыкөл маңында тұтанған дала өрті сөндірілді, деп жазады ulysmedia.kz.
"20 маусым күні сағат 15.03-те "101" пультіне Есіл ауданындағы Қорғалжын тасжолының бойында қураған шөптің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ашық аумақта қамыс пен қураған шөп жанып жатқанын анықтады. Елордалық өрт сөндірушілер қызыл жалынмен екі тәулік бойы арпалысты. Өрт ошағына ТЖМ-нің МИ-8 тікұшағы 27 рет су төкті (81 тонна)”, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.
Өрт 21 маусымда 18.53-те оқшауландырылып, 22 маусымда сағат 05.55-те толығымен жойылды. Өрттің шығуының алдын ала себебі отты абайсыз қолдану болуы мүмкін.
“Жалынмен күреске 86 қызметкер мен 14 техника жұмылдырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ", – деп қосты министрлік.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын елорда маңында шыққан өртті сөндіруге МИ-8 ұшағы жұмылдырылғанын хабарлағанбыз.