Елордада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтеді

0
142

​Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Астана қаласында салтанатты концерт өткізгелі отыр.


Елордада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтеді

ERNUR.KZ. Шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Екі бөлімнен тұратын кештің алғашқы бөлімінде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және басқа да дәстүрлі күйші-композиторлардың туындылары орындалады. Бұл туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев ОКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады.

Оның айтуынша, аталған бөлімде биыл туғанына 100 жыл толған Нұрғиса Тілендиевке, Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұловаға арналған шығармалар орындалады. Екінші бөлімде заманауи және әлемдік классикаға негізделген шығармалар көрермен назарына ұсынылады. Бұл концерт оркестрдің гастрольдік сапары аясындағы маңызды мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнердің тарих пен бүгінгі заман арасындағы рухани көпірі болмақ. Биыл оркестр ұжымы бірқатар іс-шараны қолға алып отыр. Атап айтқанда, олар «Оркестрлер шеруі» республикалық фестиваліне қатысу үшін Шымкент қаласына аттанады. Сонымен қатар шымкенттік көрерменге ұлттық оркестрдің авторлық жобасы – «Оркестр түні» жол тартады.

«Оркестріміздің басты миссиясы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық музыкасын, күй өнерін, халық әндері мен аспаптық туындыларын кәсіби деңгейде насихаттау. Бұл – біздің мәдени кодымыздың негізі, ұлт руханиятының алтын өзгегі. Кеше ғана Көкшетау қаласында өткен концертіміз осы миссияның нақты көрінісі болды. Қала тұрғындары оркестрімізді ерекше ықыласпен қарсы алып, рухани азық алып қайтты. Біз үшін әр аймаққа барып, халықпен тікелей жүздесу тек концерт беру ғана емес, ұлттық мәдениетімізді жұрт арасында кеңінен тарату деген сөз», – деді спикер.

Оркестр тек дәстүрлі репертуармен ғана шектелмей, қазіргі заманауи музыкалық форматтарды да игеріп жатыр. Бұл – ұлттық өнердің заманмен үндесіп, жаңғырудың нақты белгісі.